Бейсенбі, 19 наурызда Өскеменнің ауданаралық қылмыстық сотында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омарға қатысты атышулы іс бойынша сот отырысы өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
Күдіктіге екі бап бойынша айып тағылып отыр - "Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлға жасаған ірі көлемдегі алаяқтық" және "Лауазымды тұлғаның ірі көлемде пара алуы".
Прокурор екі эпизод бойынша айыптау актісін оқыды. Бірінші эпизод Жақсылық Омардың Өскемен әкімі болып тұрған кезеңімен байланысты.
Айыптау нұсқасы бойынша, тергеу барысында жәбірленуші деп танылған фигуранттан қала кәсіпорындарының бірінен автокөлік түрінде материалдық көмек алу үшін өтініш ресімдеу сұралған. Ол бұл өтінішті орындап, Toyota Camry 75 (2021 жылғы) көлігін алған. Оның айтуынша, ол көлікті қала әкімдігіне әкеліп, кілтін тапсырған, содан кейін көлікті көрмеген.
Кейін көлік үшінші тұлғаға қайта рәсімделіп, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа үлгіге ауыстырылған және оны айыпталушы пайдаланған. Осылайша, жәбірленушіге 13 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген, ал Жақсылық Омарға 190-баптың 3-бөлігі 1, 2-тармақтары (ірі көлемдегі алаяқтық) бойынша айып тағылды. Сот залында жәбірленуші шығын өтелгенін және ешқандай шағымы жоқ екенін мәлімдеді.
Екінші эпизод ақпанның басында болған. Іс материалдарына сәйкес, Жақсылық Омар қала әкімдігі қызметкерлерінің бірімен кездескенде оған 20 миллион теңге әкел деген. Айыпталушының сөзінше, бұл талап емес, көбіне өтініш сипатында болған. Алайда айыптау тарапы бұл әрекетті жалпы қамқорлығы үшін пара алу деп саралады.
Әкімдік қызметкері мұндай әрекеттің заңсыздығын түсініп, ҰҚК-ге жүгінген. Арнайы қызметтің бақылауымен ол Жақсылық Омармен қайта кездесіп, соманы бөліп төлеуді ұсынған, соңғысы бұған келіскен. Сол күні үшінші тұлға арқылы күдіктіге алты миллион теңге қолма-қол ақша берілген. Ұстау кезінде күдіктінің тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан 5,6 миллион теңге табылды.
"Сотталушы кінәсін толық мойындады. Оның қорғаушылары бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдануды сұрады. Олар туыстарының айыппұл төлеуге қажетті соманы жинап қойғанын хабарлады. Төлем қабілеттілігінің дәлелі ретінде шотта 112 миллион теңгенің бар екендігі туралы үзінді көшірме ұсынылды", - деп жазады басылым.
Қылмыстық іс бойынша келесі сот отырысы 26 наурызға белгіленді.
Жақсылық Омар туралы не белгілі?
Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Алматы облысы Алакөл ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген.
2001 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін "география" мамандығы бойынша, 2010 жылы Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетін "жергілікті және мемлекеттік басқару" мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алды.
Еңбек жолы
2001–2005 жылдары Омар Мәдениет және ақпарат министрлігінде жетекші және бас маман болып жұмыс істеген.
2005–2007 жылдары – Қаржы министрлігінің маманы.
2007–2009 жылдары – "Қазақстан" телерадиокорпорациясы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары, кейін "Арна медиа" холдингінің бас менеджері.
2009–2010 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі болып жұмыс істеген.
2010–2011 жылдары ШҚО Ішкі саясат басқармасын басқарған.
2011–2013 жылдары ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы болды.
2013–2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
2016 жылдан 2018 жылға дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары болған.
2018 жылдан 2024 жылға дейін Жақсылық Омар Өскемен әкімі лауазымын атқарған.
2024 жылдан 2025 жылғы 4 сәуірге дейін ШҚО әкімінің кеңесшісі болып жұмыс істеген.
2025 жылғы 7 сәуірден бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келген.