Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары барысында Жетісу ауданындағы өнеркәсіп кәсіпорындарын аралап, олардың өндірістік қуатымен және даму жоспарымен танысты.
Алғашқы нысан тігін және аяқкиім фабрикасы болды. Кәсіпорын 1 гектар аумақта орналасқан, өндірістік ғимараттарының жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асады. Жобалық қуаты жылына 1 млн жұп аяқкиім мен 1,5 млн дана тігін бұйымын шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда фабрика күніне 1500 жұп аяқкиім өндіреді.
Қала әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, Алматы үшін жұмысшы мамандықтарын дамыту мен қала тұрғындарына тұрақты еңбек орындарын ашу – басты міндеттердің бірі.
Кейін қала әкімі Қазақстан мен Орталық Азиядағы қағаз өнімдерін шығаратын ең ірі өндірушілердің қатарындағы екі компания жұмысымен танысты. Олардың нарықтағы үлесі 40–60%-ды құрайды. Бүгінде өндірісте 788 адам еңбек етеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке 4,9 млрд теңге салық төленсе, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш 12 млрд теңгеден асты. Осы арқылы аталған кәсіпорындар Жетісу ауданындағы ең ірі салық төлеушілердің бірі болып отыр.
2025 жылдың қазан айында компания жалпы аумағы 43,5 мың шаршы метр болатын логистикалық және қойма кешенінің құрылысын бастайды. Жобаның құны – 22 млрд теңге, оның ішінде 8,5 млрд теңгесі акционерлердің өз қаражаты. Жоба аясында 260 жаңа жұмыс орны ашылып, жыл сайынғы салық түсімі 1,3 млрд теңгеге дейін жеткізілмек.
Сонымен қатар, 2026 жылдың наурыз айында кәсіпорында қағаз өнімдерін шығаратын төртінші өндірістік желінің құрылысы басталады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі – 5 млрд теңге. Жаңа қондырғылар өндіріс қуатын арттырып, экспорт көлемін ұлғайтуға және 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Алматы кәсіпорындарының өндірістік әлеуетін кеңейту отандық өнім шығару көлемін арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға, экспорттық мүмкіндікті нығайтуға, бюджет кірісін көбейтуге және қаланың тұрақты дамуына ықпал етеді.
Суреттер: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі