1 ақпанда елімізде Азаматтық авиация қызметкерлері күні аталып өтті. Бұл кәсіби мереке жуырда ғана ресми түрде бекітілгенімен, бүгінде авиация саласы үшін маңызы зор күндердің біріне айналды.
Аталған мерекеге орай, Алматы халықаралық әуежайы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. 30 қаңтар күні әуежай ұжымы авиация саласының ардагерлеріне қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық акциясын өткізді. Қызметкерлер ұзақ жылдар бойы ел авиациясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардагерлердің үйлеріне арнайы барып, кәсіби мерекесімен құттықтап, сый-сияпаттар табыстады.
Бұл игі бастама – Қазақстан азаматтық авиациясының қалыптасуы мен өркендеуіне еңбек сіңірген аға буын өкілдеріне көрсетілген шынайы құрметтің көрінісі. Әуежай басшылығы әрбір сәтті ұшу мен қауіпсіз қону – алдыңғы буын мамандарының бай тәжірибесі, кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында екенін атап өтті. Ұрпақтар сабақтастығы саладағы жоғары қауіпсіздік стандарттарын сақтауға және жас мамандардың бойына авиация рухын сіңіруге мүмкіндік береді.
Алматы халықаралық әуежайы қоғам игілігіне бағытталған жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Солардың қатарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған "Мектепке жол" қайырымдылық акциясы, сондай-ақ әуежай маңында орналасқан тұрғын үйлердің жайлылығын арттыру мақсатында іске асырылған дыбыс оқшаулау жобалары бар.
Ал, 1 ақпан күні әуежай терминалдарында ерекше мерекелік атмосфера сезілді. Азаматтық авиация академиясының студенттері белсенділік танытып, айтулы мерекеге ұйымдастырылған іс-шараның сәнін кіргізді. Болашақ авиация мамандары жолаушылармен және әуежай қызметкерлерімен еркін сұхбат құрып, таңдаған мамандықтарына деген шынайы қызығушылықтарын көрсетті.
Іс-шара барысында студенттер шағын интерактив ұйымдастырып, қатысушыларға "Сіз үшін авиация нені білдіреді?" деген сұрақ қойды. Жауаптар әр алуан болды: бала кездегі асқақ арман, алғаш рет ұшаққа отырған сәттегі толқыныс, саналы түрде таңдалған өмірлік шешім және адамдар қауіпсіздігіне деген жауапкершілік. Бұл әсерлі әңгімелер авиация саласының адамдарды біріктіретін, әрқайсысы үшін ерекше мәнге ие үлкен әлем екенін тағы бір мәрте айқындады.
Алматы халықаралық әуежайы ұжымы азаматтық авиацияны аспанға деген махаббатын өмірлік кәсібіне айналдырған жандардың ортақ жолы мен міндеті деп бағалайды. Ұшқыштар, инженерлер, диспетчерлер, жерүсті қызметі мамандары және саланың өзге де қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында еліміздің авиация үздіксіз дамып, қалалар мен мемлекеттерді, адамдар мен тағдырларды бір-бірімен тоғыстырады.
Суреттер: Алматы халықаралық әуежайы