ПОДЕЛИТЬСЯ
29 желтоқсан 2022 | 08:33
Алматы облысында әкім сайлауы кезіндегі заңбұзушылық расталды
Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылдық округі әкімін сайлауда бюллетеньдерді топтап салу дерегі расталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылдық округі әкімін сайлауда бюллетеньдерді топтап салу дерегі расталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
18 желтоқсанда өткен Талғар ауданы Тұздыбастау ауылдық округі әкімін сайлау барысында анықталған өрескел сайлау дерегі негізінде тексеру жүргізілгені айтылды.
"Дауыс беру бюллетеньдерін топтап салу дерегі расталды. Осыған байланысты Талғар ауданының аумақтық сайлау комиссиясы аталған бұзушылыққа жол берілген дауыс беру нәтижелері туралы учаскелік сайлау комиссиясының №860 хаттамасының күшін жою туралы қаулы қабылдады.
Басқа сайлау учаскелері бойынша сенім білдірілген адамдардан заң бұзушылықтар туралы жазбаша арыздар мен актілер түскен жоқ.Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының отырысында бес учаскелік сайлау комиссиясының хаттамалары негізінде ауылдық округ әкімін сайлаудың қорытындылары белгіленді. Сайлау қорытындылары туралы хаттама жасалып, оған округтік сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қойды”, – делінген хабарламада.
№860 учаскелік сайлау комиссиясының дауыс беру қорытындылары туралы хаттамасының күшін жою дауыс беру нәтижелерін өзгерткен жоқ. Талғар ауданындағы Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі болып осыған дейін осы ауылдық округ әкімінің орынбасары қызметін атқарған, өзге кандидаттармен салыстырғанда бес сайлау учаскесінде көбірек дауыс жинаған 1990 жылы туған Өмірзақ Жалғасбай тіркелді.
"Осы ретте Тұздыбастау ауылдық округі тұрғындарының назарына 23 желтоқсанда ауылдық округтің әкімі болып сайланған Жалғасбайдың өз еркімен қызметінен кету туралы арыз жазғанын айтамыз.
Заң бұзушылыққа жол берген №860 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелеріне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шара қолданылады. Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптары мен лауазымдық өкілеттіктерін бұзғаны үшін №860 сайлау учаскесі комиссиясының мүшелерін қызметтен босату туралы аудан мәслихатына ұсыныс жолданды.
Бюллетеньдерді толтырған сенімді өкілдің әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық бар. Оны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы материалдар Талғар аудандық сотына жіберілді", - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы Тұздыбастау ауылдық округі әкімін сайлауда бюллетеньдердің топтап толтырылуын бақылаушы байқап, видеоға түсіріп алғанын жазғанбыз.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также