ПОДЕЛИТЬСЯ
02 мамыр 2019 | 09:55
Алматы облысында кәсіпкер екі бірдей отбасыға жаңа пәтер сыйлады
Алматы облысында көп балалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға кәсіпкер пәтер сыйлады. Ал, Іле ауданының әкімі баспаналы болған жандарға тұрмыстық техника тарту етті, - деп хабарлайды "Алматы" арнасы
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы облысында көп балалы және мүмкіндігі шектеулі отбасыларға кәсіпкер пәтер сыйлады. Ал, Іле ауданының әкімі баспаналы болған жандарға тұрмыстық техника тарту етті, - деп хабарлайды "Алматы" арнасы
Айта кетейік, әлеуметтік санатқа жататын тұрғындарға пәтер қызыл кірпіштен тұрғызылған жаңа үйлерден берілді. Қайырымды кәсіпкер аудандағы аз қамтылған жанұяларға жасалатын жақсылық мұнымен бітпейді деп отыр.
Су жаңа пәтер кілтіне ие болғандардың бірі - бес баланың анасы Эльмира Кеңшілбаева. Күйеуінің 45 мың теңге жалақысы мен мүгедек балаларына мемлекет тарапынан берілетін 80 мың теңгеге күн көрген бұл отбасы 14 жылдан бері пәтер жалдап тұрған. Бірде жетсе, бірде жетпей әупірімдеп күн көрген оларға жаны ашыған аудан әкімі жомарт кәсіпкерлерден көмек сұраған.
"Мүгедек балам бар. Бір пәтерден екіншісіне көшіп жүрдік. Күн көрісіміз қиындап кеткен болатын. Күні кеше ғана пәтерақыны 2 ай төлей алмағандықтан, балаларымды алып, әкімге бардым. Алдыңғы екі әкімнен еш қайыр болмап еді, жаңа әкім келе салып, осылай жарылқап жатыр", - дейді қуаныштан көз жасын тыя алмаған Эльмира Кеңшілбаева.
Ал, тағы екі бөлмелі пәтер 9 жылдан бері үй кезегін күтіп жүрген Дабысбаевтарға бұйырды. Аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықтағы Ақши ауылында тұрып келген мүмкіндігі шектеулі жандар енді Боралдай кентіндегі 48 шаршы метрлік пәтерге көшеді.
"Қызымыз да, әйелім екеуміз де мүгедекпіз. Сол үшін аудан орталығы немесе осы Боралдай кенті сияқты үлкен ауруханасы бар жерден үй сұрағанбыз. Міне, бүгін арманымыз орындалды. Қуаныштымыз. Көп рахмет", - дейді отағасы Адай Дабысаев.
Екі пәтерді қаншаға сатып алғанын жасырған кәсіпкер жақсылық жасау әлі де жалғасады дейді. Мемлекет бизнеспен айналысып, табыс табуға мүмкіндік бергендіктен, халыққа қайырымдылық жасау - әр кәсіпкердің азаматтық міндеті дейді ол.
"Іле ауданындағы біраз кәсіпкер көп балалы аналарға, мүгедек жандарға көмектесейік деп шештік. Себебі, ең бастысы ата-ана мен бала тоқ болса, елімізде бәрі жақсы болады", - дейді құрылыс компаниясының президенті Амангелді Атаев.
Өз қарамағындағы тұрмысы төмен отбасыларға кәсіпкерлердің көмектесуіне мұрындық болған әкім баспаналы болған қос отбасына теледидар сыйлады.
Жалпы, Іле ауданында 11 санат бойынша 3056 адам үй кезегінде тұр. Пәтерге зәру жандардың санын азайту мақсатында аудан аумағында 300 пәтерлі көпқабатты үйлердің құрылысы басталмақ.
Показать комментарии
Читайте также