Алматы облысындағы ауруханада үшем шетінеп кетті

Алматы облысындағы ауруханада үшем шетінеп кетті almaty.tv

Алматы облысындағы ауруханада үш нәресте шетінеп кетті. Сәбилерінен айырылған ананың туыстары дәрігерлер медициналық көмек көрсету кезінде қателік жіберуі мүмкін деп есептейді. Бұл туралы Almaty.tv телеарнасының сюжетінде айтылды, деп жазады Tengrinews.kz.

Туыстарының айтуынша, Айдана Оразбаеваның жүктілігі алты ай бойы ешқандай асқынусыз өткен. Олардың сөзінше, 17-нен 18 шілдеге қараған түні әйелдің суы кетіп, мерзімінен бұрын босану басталған.

Алдымен ол өзі есепте тұрған Жамбыл аудандық ауруханасына жеткізілген. Кейін пациент Қаскелеңдегі перзентханаға жіберілді. Таңғы сағат 7-де үшем дүниеге келді. Алайда бірнеше сағаттан кейін олардың екеуінің шетінеп кеткені хабарланды.

Жарнама
Жарнама

"Негізі біз қалалық перзентханаға жоспарлы кесар тілігіне жатуымыз керек еді. Бірақ шұғыл жағдай болды. Ұлым үшем болғандықтан, бізді қалаға жіберуді өтінді. Ол мұндай босануды қабылдай алатын-алмайтынын сұрады. Бірақ оған ұрықтар өте кішкентай, сондықтан табиғи жолмен босандыруға болады деп жауап берді. Таңғы сағат 7-де балалар туылды, содан кейін бізге екі сәбидің бірінен соң бірі шетінегенін айтты. Оның өзін дәрігерлерден емес, келініміз арқылы білдік", - деді босанған әйелдің туысы Гүлжәмила Төлешова.

Туыстарының айтуынша, нәрестелердің денесін өткізу кезінде оларға ешқандай ресми құжат берілмеген. Сонымен қатар сәбилерді жерлегеннен кейін отбасы үшінші баланың жағдайын білу үшін перзентханаға қайта келгенде, оларды тағы бір суық хабар есеңгіретіп тастады.

"Біз үшінші нәрестенің жағдайын білуге келдік. Келініміз ішкі қан кетуден енді ғана есін жиып жатқандықтан, өзі ештеңе айта алмады. Педиатрға жүгінгенімізде, ол біздің қай балаға келгенімізді сұрап, үш сәбиіміздің де таңертең шетінеп кеткенін айтты. Олардың мұны неге жасырғаны бізге түсініксіз", - дейді туысы Жазира Төлешова таңданысын жасыра алмай.

"Күдігіміз бар. Бізге дәл өз балаларымызды бергеніне сенімді емеспіз. Оларды жай ғана матаға орап, қорапқа салып бере салды. Ешқандай құжат та, криминалистердің қорытындысы да берілген жоқ. Ресми қағаздар берілуі керек еді ғой", - деді туысы Ержан Екейбаев.

Қарасай аудандық ауруханасы пациенттің жүктіліктің 25-аптасында түскенін хабарлады. Оны басқа медициналық мекемеге ауыстыру мүмкін болмаған.

"Жүктіліктің 25-аптасында үшем босану - шұғыл медициналық көмекті қажет ететін өте ауыр жағдай. Әйел ауруханаға жатқызылды. Таңғы сағат 7-де дене салмағы тым төмен үш бала дүниеге келді. Мұндай мерзімде өмірлік маңызды мүшелер, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі әлі толық қалыптасып үлгермейді. Қазіргі уақытта көрсетілген медициналық көмектің сапасына қатысты ішкі аудит жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады "Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы" ШЖҚ МКК.

Оқиғадан кейін туыстары құқық қорғау органдарына жүгінді. Олар тәуелсіз әрі жан-жақты тергеу жүргізуді, нәрестелердің өліміне не себеп болғанын анықтауды және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Сонымен қатар, отбасының айтуынша, үшінші сәбидің денесі оларға әлі күнге дейін берілмеген.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама