ПОДЕЛИТЬСЯ
23 ақпан 2020 | 17:34
Алматы тұрғыны қаңғыбас иттерді қамқорлығына алды
Жыл сайын Алматыда 20 мыңға жуық қаңғыбас ит ауланады екен. Егер үш күн ішінде иесі табылмаса, оларға арнайы екпе қолданылады. Әлгі ақпаратты естіп, хайуанға жаны ашыған Сергей Снегирёв иесіз иттерді қамқорлығына алыпты. Ит асырап алғысы келетіндерге де таратып береді, - деп хабарлайды "Хабар 24".
ПОДЕЛИТЬСЯ
Жыл сайын Алматыда 20 мыңға жуық қаңғыбас ит ауланады екен. Егер үш күн ішінде иесі табылмаса, оларға арнайы екпе қолданылады. Әлгі ақпаратты естіп, хайуанға жаны ашыған Сергей Снегирёв иесіз иттерді қамқорлығына алыпты. Ит асырап алғысы келетіндерге де таратып береді, - деп хабарлайды "Хабар 24".
Қаңғыбас иттерге арналған изоляторды көрген Сергей Снегирёв адамның досы саналатын төрт аяқтылар үшін арнайы үйшіктер жасауды қолға алыпты. Алайда барлық итті қамқорлыққа алу мүмкін емес. Себебі орын жоқ. Сондықтан ол қарым-қатынасқа икемі бар, мейірімді иттерді таңдап алады. Содан соң оларды мал дәрігеріне көрсетіп, тексеруден өткізеді.
"Бір жарым жыл ішінде 100-ден аса жануар біз арқылы өзінің жаңа иесін тауып, өмір сүріп жатыр. Біз олармен үнемі байланыстамыз. Бейнежазбалар, фотосуреттерін жіберіп тұрады. Бәрі риза. Сәтсіз ортаға тап болған ит жоқ. Сондай-ақ, бізге итті қайтарған жағдай болған емес", - дейді жануарлар жанашыры Сергей Снегирёв.
Иттерді жаңа қожайындары өздері таңдамайды. Олардың үй жануарын асырап, бағатын әлеуетін анықтау Сергейдің міндеті. Қазір оның қамқорлығында 110 ит бар. Волонтер оларды өз қаражатына бағып отыр. Айтуынша, жануарлар үшін айына 800 мың теңге жұмсайды екен. Айтпақшы, иттер тек бағамын дегендерге таратылмайды. Үйретілетіндерін Сергей кинологиялық мектепке тапсырады.
"Бұл жерде үйретудің базалық жаттығулары жүргізіледі. Адал, адаммен қарым-қатынас жасауға бейімді иттер таңдалып, арнайы кинологиялық мектепке жіберіледі", - деді жануарлар жанашыры.
Арада 2-3 ай өткенде үйретілген иттер ерекше балалармен байланыс жасауға дайын болады. Бұл Қазақстанда әлі дами қоймаған емдік шараның бір түрі. Жануармен бірге жаттығу балалардың қоршаған ортамен байланыс жасау қабілетін дамытады. Ерекше қажеттілігі бар балалар тәрбиеленетін орталықтың жетекшісі бұл емнің нәтижелері жаман емес дейді. Пет-терапия деп аталатын әдіс балалардың қорқынышын азайтып, жаңа достар табуына септеседі.
"Бұл иттердің тарихы қызық. Сергейдің мұқият таңдауынан өтіп, ұзақ дайындалған иттер туралы біз балаларға айтып береміз. Олар кез келген уақытта өмірді өзгертіп, өзгелерге пайда әкелетін, қуантатын жолды таңдауға болатынын түсінеді. Ерекше қажеттілігі бар балалардың дәрменсіздігі ұмытылып, бәрін жасай аламын деген сенім пайда болады, - дейді әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығының жетекшісі Салтанат Мұрзалинова-Яковлева.
Ерікті иттерді үйрететін өзінің орталығын ашуды жоспарлап отыр.
"Сонда иттерді медициналық мекемелерге тасымай, балалар өздері орталыққа келіп, сүйікті жануарларын көріп, ойнай алар еді", - дейді Сергей.
Показать комментарии
Читайте также