Алматы тұрғыны әлеуметтік желіде өзі жасамаған құқық бұзушылық үшін айыппұл келгенін жазды, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Жазба авторының айтуынша, оған жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл келген. Қаулыда оның TANK маркалы көлігі мен мемлекеттік нөмірі көрсетілген. Алайда камерадан алынған кадрда барлық мәлімет - сандар, әріптер мен аймағы бірдей Subaru көлігі тіркелген.
Көлік иесінің айтуынша, оған сақтандыру компаниясының қызметкерлері байланысқа шыққан. Олардың нұсқасы бойынша, базада BOG әріптік белгісі бар Subaru көлігі тіркелген. Олар бейнебақылау камерасы нөмірді қате танып, оны BDG деп өзгертіп жіберген болуы мүмкін екенін айтқан.
Жарияланым желіде тез тарады. Көлік иесінің айтуынша, төрт сағаттан кейін оған айыппұлдың жойылғаны туралы SMS келген.
Полиция жауабы
Біз мемлекеттік нөмірлер қалай бірдей болып шыққанын анықтау үшін Полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгіндік.
Полиция мәліметінше, қате анықталғаннан кейін айыппұл туралы дерек түзетіліп, ақпарат сәйкестендірілген.
"Кез келген техникада белгілі бір қателік ықтималдығы болуы мүмкін екенін ескеру қажет және сирек жағдайларда қосымша тексеруді қажет ететін деректер тіркеледі", - деді ведомство өкілдері.
Егер бөтен айыппұл келсе не істеу керек?
Айыппұлмен келіспесеңіз, шағымдануға болады.
Ол үшін:
- eGov порталы арқылы өтініш беріңіз;
- немесе әкімшілік полиция басқармасына жүгініңіз.
Алматы Полиция департаментінің өкілдері құқық бұзушылықтарды автоматты тіркеу жүйесі қауіпсіздікті арттыруға бағытталғанын, ал барлық даулы жағдай заң аясында қаралатынын айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!