Аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін күдікті Әзербайжаннан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Бас прокуратура мәліметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінің көмегімен аса ауыр қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру мен қарақшылық жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан азаматын Әзербайжан Республикасынан экстрадициялады.
"Былтыр қазанында күдікті басқа адаммен топ болып, таныс кәсіпкерді кездесуге алдап шығарып, соның барысында оны есінен танғанға дейін ұрып-соғып, жалпы құны 40 миллион теңгеге жуық мүлкін иемденіп, кейін Алматының сыртына алып шығып, өлтірген.
Күдіктілердің бірі ізін суытпай ұсталып, ал екіншісі жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды", - делінген хабарламада.
Биыл қаңтарда ол Әзербайжан аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалған.
Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазалар көзделген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!