Алматыда алаяқтардың әрекетінен 75 жастағы зейнеткер мен оның 12 жастағы немересі көшеде қалды. Мемлекеттік органдар бұл жағдайды бақылауға алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Тhreads әлеуметтік желісінде видео тарады. Онда отбасы баспанасынан айырылғаннан кейін көшеде қалған қыз түсірілген.
"Бізге Алматы қаласы Бостандық ауданында алаяқтардың кесірінен 75 жастағы әже мен 12 жастағы қыз жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалғаны туралы бейнежазба мен хабарлама келді", - делінген жарияланымда.
Сондай-ақ үйден шығарылғаннан кейін егде жастағы әйелдің ауруханаға жеткізілгені айтылған.
Мемлекеттік органдардың реакциясы
Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырғаннан кейін, іске балалар омбудсмені Динара Зәкиева араласқан. Ол Tengrinews.kz-ке қазіргі уақытта аталған дерекпен Алматы қаласының балалардың құқықтарын қорғау басқармасы айналысып жатқанын хабарлады.
"Балалар анасы және әжесімен бірге дағдарыс орталығында. Қала прокуратурасы бұл істі өз бақылауына алды", - деді омбудсмен.
Отбасының қандай жағдайда баспанасынан айырылғаны және бұл оқиғада құқыққа қайшы әрекеттердің бар-жоғы әзірге белгісіз. Бұл жайттарды құзырлы органдар анықтауы тиіс.
Сонымен қатар редакция Алматы прокуратурасы мен Полиция департаментінен пікір күтіп отыр.