ПОДЕЛИТЬСЯ
23 маусым 2020 | 13:02
Алматыда COVID-19 анықтауға тест тапсырғысы келетіндердің ұзын-сонар кезегі видеоға түсірілді
Алматылықтар коронавирусты анықтауға тест тапсыратын лабораторияның алдындағы ұзын-сонар кезекке шағымданды. Куәгерлердің айтуынша, кезекте жүзден астам адам тұр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматылықтар коронавирусты анықтауға тест тапсыратын лабораторияның алдындағы ұзын-сонар кезекке шағымданды. Куәгерлердің айтуынша, кезекте жүзден астам адам тұр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Редакцияның WhatsApp нөміріне алматылық Алтынай Молдашева хабарласты. Әйел таңертең сағат сегізде қаладағы Сейфуллин және Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан лабораториялардың біріне келген. Оның айтуынша, таңертең осындай кезек болған.
"Мұндай кезекте анализ тапсырудан гөрі ауырып қалу оңай. 130-дан аса адам тұр, қашықтық сақталмаған. Үш сағат тұрдым, бірақ сол күйі тест тапсыра алмадым. Мен жұмыстан сұранғанмын, жөтелім бар. Жақындарым үшін алаңдаймын. Қашықтан жұмыс істеймін. Менімен бірге үлкен адамдар мен балалар тұрады. Олардың денсаулығы үшін қорқамын. Мұндай ауыр дерттің себебі болғым келмейді", - деді алматылық әйел.
Ол кезекте тұрғандарды видеоға түсірген. Кадрда лаборатория маманы жиналған жұрттың алдында сөйлеп тұр. Ол орталықта 70 ерітінді бар екенін, сондықтан келушілердің саны бір күнге шектелгенін айтты.
"Тест арзан емес, 16 мың теңге. Неге дұрыс жағдай жасалмаған. Бірнеше клиника ашып, адам сияқты тапсыруға болады ғой. Шағымның шегі жоқ. Екі миллион халқы бар қалада екі лаборатория істеп тұр - теңіздің тамшысындай. Неге Денсаулық сақтау басқармасы тағы лаборатория ашпайды? Тестті ақылы тапсырудың өзі проблема болып кетті ғой", - деді ол.
Алтынай Молдашеваның айтуынша, мұндай жағдай үшінші күн қайталанып тұр.
"Бұл жерде бір қыз үшінші күн тест тапсыруға келіп тұр. Бірінші күні келген - жетпей қалған. Екінші күні - реагенттер бітіп қалған, ал ол жұмысқа шығу үшін тапсырғысы келіп жүр. Себебі жұмысқа тест нәтижесінсіз кіргізбейді", - деді ол.
Бүгін Қазақстанның бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова жұмыс берушілерге үндеу жасады. Оның айтуынша, барлық адамға ПТР тестіні тапсырудың қажеті жоқ. Бұл тестіні алдымен коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болғандар, әскерге шақырылғандар, жабық медициналық мекемеде жұмыс істейтін қызметкерлер тапсырады.
Еске салайық, бұған дейін "Олимп" КДЛ" бас директоры Ерлан Сүлейменов Алматыдағы жүктемені азайту үшін көршілес төрт қалада: Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда тест тапсыратын лаборатория ашылатытын айтқан болатын.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!
Показать комментарии
Читайте также