Алматыда жыл басынан бері полицияға сталкингке байланысты 24 арыз түскен. Соның бірінде бұрынғы серігімен сөйлесу үшін соңынан қалмай қойған әйелге қатысты шағым тіркелген, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Қарым-қатынасты қалпына келтіргісі келген"
Алматы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізовтің айтуынша, жыл басынан бері әйелдің еркекті аңдыған бір жағдайы тіркелген.
"Оны сталкингке итермелеген нәрсе – қарым-қатынасты қайта жаңғыртқысы келгені. Бірақ екінші тарап қазір үйленген, сондықтан ол қазіргі некесін сақтап қалу үшін полицияға жүгінген", - деді Елеусізов ӨКҚ-де өткен брифингте.
Оның сөзінше, іс әлі өндірісте, сондықтан Алматы тұрғынына қатысты әзірге ешқандай шара қолданылған жоқ.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша сталкинг үшін мынадай жаза қарастырылған:
- айыппұл 200 АЕК-ке дейін (2026 жылы 865 000 теңге);
- дәл сол мөлшердегі түзеу жұмыстары;
- 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту;
- 50 тәулікке дейін қамауға алу.
Бұл ретте Айтан Елеусізовтің айтуынша, көбіне сотқа дейінгі тергеу сатысында сталкерге заң нормалары түсіндіріліп, содан кейін қудалау тоқтатылады. Егер құқыққа қайшы әрекеттер жалғаса берсе, сот мұны ауырлататын мән-жай ретінде тануы мүмкін.
Сталкинг неден туындайды?
Алматы полициясының мәліметінше, сталкингке байланысты түскен барлық 24 арыз бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Айтан Елеусізов ұзақ уақыт қарым-қатынаста болып, кейін айырылысқаннан соң бұрынғы серігінің мазалауынан құтыла алмай жүрген жандар қудалауға жиі тап болатынын атап өтті.
"Негізінен мұның бәрі ұзаққа созылған қарым-қатынас, қызғаныш және жүйелі қудалау аясында болады. Бір тарап қарым-қатынасты жандандырғысы келеді, бірақ арадағы көпір күйген және екінші тарап байланыс орнатқысы келмейді. Біз мұндай фактілерді тіркеп, қылмыстық жауапкершілікке тартамыз", - деді басқарма басшысының орынбасары.
Сондай-ақ оның айтуынша, қысым көрсету, манипуляция және бопсалау үшін ортақ балаларды пайдаланатын жағдайлар бар. Мұндай әрекеттер де қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Сталкинг: қайда жүгініп, не істеу керек?
Қудалауға тап болған қазақстандықтарға кез келген дәлелдемелерді - хаттарды, қоңырау жазбаларын сақтауға, сондай-ақ аңдушымен кездескен жерлер мен жағдайларды тіркеп отыруға кеңес беріледі.
"Заңнамаға сәйкес дәлелдеу міндеті тергеу жүргізуші органға жүктелген, бірақ біз арыз берушілерден ең болмағанда минималды дәлелдер базасының болуын сұраймыз.
Яғни, бұрын тіркелген болса, хаттарды, қоңырауларды немесе қудалау фактілерін сақтау қажет", - деп толықтырды Айтан Елеусізов.
Сонымен қатар оның айтуынша, егер адам өзін аңдып жүргенін байқаса, оның нақты қай жерде болғанын - мысалы, үйінің қасында, дүкенде немесе сауда орталығының белгілі бір қабатында екенін есте сақтау ұсынылады. Бұл полицияға бейнебақылау камераларынан жазбаларды жедел сұратып, дәлелдемелер жинауға көмектеседі.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 16 шілдеде Президент қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша түзетулерге қол қойды. Атап айтқанда, Қазақстанның Қылмыстық кодексіне сталкинг үшін жауапкершілік енгізілді.
Сталкинг фактісі бойынша өлімге әкеп соқтырған ең атышулы істердің бірі Шымкенттегі Нұрай Серікбайдың ісі болды. Студент қыздың өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Толығырақ материалда.