Бүгін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қаралы жиынға мәдениет және өнер саласының өкілдері, қоғам қайраткерлері, марқұмның әріптестері, шәкірттері және қала тұрғындары келген.
Актер, режиссер, Қазақ КСР және КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов "Кеңсай-1" зиратында жерленеді.
Өнер иесі 21 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында өмірден өткен еді.
Асанәлі Әшімов туралы не белгілі?
Асанәлі Әшімов - қазақтың театр және кино актері, режиссер, сценарист, педагог, Қазақстанның Еңбек Ері (2017), КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974), Қазақ КСР-інің халық әртісі (1976), КСРО халық әртісі (1980).
Ол 1937 жылғы 8 мамырда Қазақ КСР-інің Оңтүстік Қазақстан облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясы жанындағы театр факультетін тәмамдады. 1961–1963 жылдары "Қазақфильм" киностудиясында еңбек етті.
1963 жылдан бастап Алматыдағы М.О. Әуезов атындағы Қазақ драма театрында актер әрі режиссер болды. Театр сахнасындағы қызметі барысында шамамен 50-ге жуық рөл сомдады. 1987–1988 жылдары театрдың көркемдік жетекшісі қызметін атқарған.
Ол сондай-ақ Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ұстаздық етті. 2017 жылы актердің театр сахнасынан біржола кету туралы түпкілікті шешім қабылдағаны белгілі болды.
Көпшілікке "Қыз Жібек", "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі", "Маньчжур нұсқасы", "Шоқан Уәлиханов", "Сіз кімсіз, Ка мырза?" және өзге де фильмдер арқылы кеңінен танылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!