Қазгидромет 8-10 желтоқсанда Алматыда жаңбыр мен қар, тұман және жел күшейеді деп болжады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Синоптиктер мәліметінше, 10 желтоқсанға қараған түні кей жерлерде қар жаууы мүмкін. Қалада – 6–9 см, таулы аймақтарда – 15-20 см. 11 желтоқсаннан бастап жауын-шашын тоқтап, түнгі температура –13…–15°C-қа дейін төмендейді.
Бұл ретте коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Жүргізушілер, механизаторлар және жұмысшылар тәулік бойы кезекшілікке қойылған.
"Қалалық құтқару қызметі 15 техника мен 50 қызметкерді дайындады. ТЖД – 53 техника және 244 қызметкер дайындаған. Әкімдік, аудан әкімдіктері, "Алматы Тазалық" және мердігер ұйымдарда жұмыстарды бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қар жауар алдында магистральдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіледі", - делінген хабарламада.
Тұрғындарға ұсыныс:
- жүргізушілерге – көлік дөңгелегін қысқы шиналарға ауысу, жылдамдықты төмендету және шұғыл бұрылмау;
- тәжірибесі аз жүргізушілерге – мүмкіндігінше қоғамдық көлікті пайдалану;
- жүргіншілерге – тайғақ тротуарда сақ болып, шатырдан қар түсу қаупіне байланысты ғимараттарға тым жақын жүрмеу.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!