Алматылықтар қаланың түкпір-түкпірінде қаптаған шіркейлерге жаппай шағымданып жатыр. Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары жәндіктердің топтасып үймелеген видеоларын жариялап, биліктен бұл мәселеге назар аударуды талап етіп жатыр. Tengrinews.kz тілшісі жәндіктердің күрт көбею себептерін анықтап, әкімдіктің қандай шаралар қолданып жатқанын білді.
Не болды?
Әлеуметтік желілерде алматылықтар қалада шіркейлер күрт көбейгенін қызу талқылап жатыр.
"Алматы, не болып жатыр өзі? Қаланы шіркейлер басып алды. Барлық жерде: көз, шаш, кофеде. Мұның себебін білетін біреу бар ма?" – деп жазды Threads әлеуметтік желісінде қолданушыларының бірі.
Пікір қалдырушылар шіркейдің кесірінен көшеде, әсіресе кешкі уақытта серуендеу қиындап кеткенін жазып жатыр. Көбісі жәндіктердің ашық түсті киімге үймелеп, ағаштар мен арықтардың маңына жиналатынын айтады.
Сондай-ақ алматылықтар дезинфекция сапасы туралы да дауласып жатыр. Кейбір қолданушылар мамандардың "ағаштарды өңдеуге кешігіп қалғанын" айтса, енді біреулері қала тұрғындарының өздері химиялық өңдеуге қарсы болғанын еске салды.
Пайдаланушылардың бірі ағаштардың жанында қаптап жүрген жәндіктердің видеосын жариялады.
@zhakapolevault қолданушысының Threads әлеуметтік желісіндегі видеосы / Алматы
Әкімдік не дейді?
Қалалық экология және қоршаған орта басқармасы бейінді ғылыми-зерттеу ұйымдарына, соның ішінде Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтына сауалдар жібергенін хабарлады. Сарапшылар қала аумағына кешенді тексеру жүргізуі тиіс.
"Зертханалық және далалық зерттеулердің қорытындысы бойынша күресу және алдын алу әдістері туралы ғылыми негізделген қорытындылар мен ұсыныстар дайындалады. Алынған мәліметтер негізінде тиісті шаралар қабылады", – деп түйіндеді басқарма өкілдері.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшы Нұржан Мұхамадиев Алматыда шіркейлердің маусымдық көбеюі жыл сайын болатынын түсіндірді.
Оның айтуынша, қыстың жылы болуы мен көктемнің ылғалдылығы жәндіктердің дамуына қолайлы жағдай жасаған.
"Кейбір түрлердің саны олардың даму биологиясының ерекшеліктеріне және ауа райы жағдайларына байланысты циклді түрде өзгеріп отыруы мүмкін. Бүгіндк осы екі фактор да қолайлы болып тұр", – деді Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ биологиялық қорғау бөлімінің меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты.
Сондай-ақ сарапшы тұрғындардың жәндіктердің бірнеше түрін "шіркей" деп атайтынын атап өтті. Мұнда сөз ұсақ қара биттер, нағыз шіркейлер, сондай-ақ су мен ағаш маңында үйір құрайтын ұсақ қосқанатты жәндіктер туралы болып отыр.
Оның сөзіне қарағанда, жәндіктердің дамуына қаладағы арықтар, өзендер мен ылғалды жерлер септігін тигізеді. Күннің күрт жылынуы шіркейлердің өмір сүру циклін тездетсе, желсіз ауа райында олардың үйірлері ерекше байқалады.
"Сонымен қатар, тамақтану орындарындағы кондитерлік және басқа да өнімдердің иістері әртүрлі жәндіктерді өзіне тартады. Әдетте, олардың саны көктемнің соңы мен жаздың басында шарықтау шегіне жетіп, содан кейін біртіндеп азаяды", – дейді Нұржан Мұхамадиев.
Шіркейлерден қалай қорғануға болады?
Сондай-ақ маман шіркейлерден қалай қорғануға болатынын айтты. Ол ашық түсті, жабық киім киюге, сондай-ақ мүмкіндігінше кешкі уақытта су қоймаларының маңында серуендемеуге кеңес берді.
Сонымен қатар, маман қала тұрғындарын шіркейлерді толығымен жоюды талап етпеуге шақырды.
"Қолайсыздық тудырғанына қарамастан, бұл жәндіктер экожүйенің табиғи бөлігі болып табылады. Олар қоректік тізбекке қатысады, құстардың, балықтардың және басқа да жануарлардың қорегі болады, сондай-ақ табиғи тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Мұндай түрлердің толық жойылуы биоценоздың экожүйелік процестеріне әсер етуі мүмкін", – деп түйіндеді Нұржан Мұхамадиев.
Сарапшы шіркейлердің кейбір түрлерінің шағуы қатты қышу мен ісінуді тудыруы мүмкін екенін айтты. Мұндай жағдайда биолог 10-15 минутқа салқын компресс басуды, сондай-ақ каламин қосылған құралдарды немесе антигистаминді гелдерді қолдануды ұсынады.