Алматыда пойызда жолаушылардың иіс тиіп жаппай улануына қатысты қозғалған қылмыстық іс ресми түрде тоқтатылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Толығырақ
Ішкі істер министрлігі Tengrinews.kz сауалына берген жауабында, улану дерегі бойынша іс Қылмыстық кодекстің 156-бабы "Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу" бойынша тергелгенін хабарлады.
Тергеушілер сот-медициналық сараптамалар жүргізгенімен, қылмыс құрамын таппаған.
"Тергеу қорытындысы бойынша биыл 2 маусымда қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде, яғни қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Қабылданған шешімнің заңдылығы мен негізділігін Бас көлік прокуратурасы тексеріп, істі тоқтату туралы қаулы расталды", – деп хабарлады ІІМ.
"Кінәні дәлелдеудің де қажеті жоқ"
Биыл сәуірде Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев оқиғаға кінәлілер міндетті түрде жазаланатынын айтқан болатын. Оның сөзінше, бұл жағдайда "кінәні дәлелдеудің де қажеті жоқ".
Сол кезде министр оқиғаға жылыту жүйесі бұзылған жекеменшік вагон себеп болғанын түсіндірген. Күн суытқан соң онда иіс газын бөлетін қолдан жасалған жабдық орнатылған. Министрлік нұсқасы бойынша, жолаушылар дәл осы жабдықтан уланған.
Сондай-ақ Сауранбаев тергеу аяқталу сатысында екенін және вагон иелерін қатаң жауапкершілік күтіп тұрғанын айтқан еді.
"Бұл толығымен қолдан жасалған жағдай. Тергеу аяқталып жатыр. Осы вагонның иелері ауыр жаза арқалайды. Тікелей бұзушылық бар, оны заңдық тұрғыдан дұрыс рәсімдеу керек. Факт айқын. Дәлелдеудің де қажеті жоқ. Қатаң жазаланады. Вагон жолдан алынды", – деген болатын министр.
Алайда, ІІМ мәліметінше, іс "қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты" жабылды.
Сондай-ақ ведомство зардап шеккендер емделу шығындары мен моральдық зиянды өтеуді бөлек талап ете алатынын атап өтті. Министрлік сол кезде ауруханаға түскен 47 адамның кінәлілерді өз бетінше сотқа беруге құқығы бар екенін, бірақ бұл азаматтық іс жүргізу тәртібімен жүзеге асатынын түсіндірді.
Осылайша, тергеу қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін таппағандықтан, іс тоқтатылды. ІІМ жауабына сәйкес, Бас көлік прокуратурасы қабылданған шешімді тексеріп, оны заңды әрі негізді деп таныды.
Мән-жайы
Еске сала кетейік, желтоқсанда Tengrinews.kz редакциясының Telegram-ботына Алматыдағы оңтүстіккореялық жобаның түсірілімі кезінде төтенше жағдай болғаны туралы хабарлама түскен еді.
Нұсқалардың бірі бойынша, Алматыда жобаның түсірілім алаңындағы ондаған адам суық вагондарда бірнеше сағат болып, иіс тиіп улануы мүмкін. Кейбір дереккөздердің айтуынша, ұйымдастырушылар вагондарды жылыту үшін газбен жұмыс істейтін құрылғыны пайдаланған.
Алматы-1 бекетіндегі желілік полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 156-бабы "Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғады.
Кейін Көлік министрлігі оқиға 2025 жылғы 11 желтоқсанда таңертең болғанын хабарлады. Вагонда алдын ала Road деп аталатын оңтүстіккореялық жобаның түсірілім тобы болған. Ведомство мәліметінше, 47 адам зардап шеккен, оның ішінде 10 бала бар. Оқиға орнына бес жедел жәрдем бригадасы жіберілді.
Ол кезде он адам № 1 қалалық ауруханаға, тағы 37 адам Алматыдағы № 4 қалалық ауруханаға жеткізілген болатын. Олардың арасында 11 бала болды.