Алматыдағы түнгі отшашулар: полиция құқықбұзушыларды қалай табады және оларға айыппұл салына ма?

Алматыдағы түнгі отшашулар: полиция құқықбұзушыларды қалай табады және оларға айыппұл салына ма? Бейнеден алынған кадр

Алматы тұрғындары тұрғын үй кешендерінің ауласында түнде атылатын салюттерге жиі шағымданатын болды. Полиция құқықбұзушыларды қалай анықтайтынын және оларға қандай жаза қолданылатынын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Балалар оянып кетеді"

Әлеуметтік желілерде алматылықтардың түнгі отшашуларға қатысты шағымдары жиі жарияланады. Қала тұрғындарының айтуынша, фейерверктер тікелей тұрғын үй кешендерінің ауласында атылады, соның салдарынан түн ортасында балалар мен қарт адамдар оянып, үй жануарлары шошиды.

Жарнама
Жарнама

Осындай жазбалардың бірінің авторы түн ортасында қатты дыбыстардан оянғанын жазып, мереке ұйымдастырушылардың көршілерін мүлдем ойламайтынына наразылық білдірді.

"Тәтті ұйқыда жатқан едім. Түнгі сағат 12-де салют басталды. Тұрғын үй кешенінің қақ ортасында түнде фейерверк атуды жақсы идея деп санау үшін адамның басында не болуы керек? Маған осы жағы қызық", – деп жазды желі қолданушысы.

"102-ге хабарласыңыздар. Оларға қуана-қуана айыппұл салады": тұрғындар не дейді?

Пікір қалдырушылар алматылықтардың түнгі салюттерден үнемі зардап шегетінін айтады. Олардың сөзінше, мұнымен тек полиция арқылы күресуге болады.

  • "102-ге хабарласыңыздар. Оларға қуана-қуана айыппұл салады"
  • "Учаскелік полицейді шақырыңыз, видеоға түсіріп, уақытын тіркеңіз. Біздің "Аспан Сити" ТҮК-де мұндайларды тауып, айыппұл салған болатын. Бұл тек айыппұлмен ғана емделеді"

Алматылықтар мұндай жағдайлар кейде айналадағылар үшін қауіпті болатынын атап өтіп, мұндай заңбұзушылықтарды назардан тыс қалдырмауға шақырады.

Ттәртіпбұзушылар қалай анықталады

Алматы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында салют атқаннан кейін заңбұзушылардың жасырынып қала алмайтынын айтты.

"Алматы полициясында тұрғын үй кешеніне кімнің және қашан келгенін анықтауға мүмкіндік беретін техникалық құралдар жеткілікті. Біз үшін ең бастысы - отшашудың нақты қай жерде және қай уақытта атылғанын білу. Осыдан кейін автоматтандырылған жүйелердің көмегімен біз қозғалыс бағытына дейін, яғни адамдардың қай жерде жиналғанын, отшашуды қайдан сатып алғанын және қай жерде қолданғанын анықтай аламыз", - деп түсіндірді Салтанат Әзірбек.

Оның айтуынша, полиция әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізеді және тұрғындар 102 нөміріне хабарласып үлгермесе де, тәртіпбұзушыларды жауапқа тартады.

"Алатау ауданында түн ортасында туған күн иесіне арнап отшашу ұйымдастырған төрт жас жігітті жауапқа тарттық. Бұл туралы бізге әлеуметтік желілерден белгілі болды, ол кезде 102-ге ешкім қоңырау шалмаған. Келесі күні біз олардың кім екенін анықтап, төртеуін де бірден жауапқа тарттық", – деді ведомство өкілі.

Салтанат Әзірбек құқықбұзушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) бірден екі бабы бойынша жаза қолданылатынын нақтылады:

  • 437-бап бойынша – "Тыныштықты бұзу";
  • 436-бап бойынша – "Елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолдану".

Полиция мұндай жағдайлар туралы бірден 102 нөміріне хабарлауды ұсынады, сонда жақын маңдағы экипаж оқиға орнына жедел бара алады.

"Жеке мереке жауапкершіліктен босатпайды": адвокат не дейді?

Адвокат Абзал Қасымжанов жеке мерекелер түнгі уақытта тыныштықты бұзуға негіз бола алмайтынын, себебі заңда мұндай жағдайлар үшін ешқандай жеңілдіктер қарастырылмағанын атап өтті.

"Туған күн, үйлену тойы, сөз салу немесе басқа да мерекелер кезінде тыныштықты бұзу заңнама талаптары мен қоғамдық тәртіпті сақтау міндетінен босатпайды. Әрбір нақты жағдайға полиция уақытты, орынды, бұзушылықтың сипатын және тұрғындардың шағымдарын ескере отырып, құқықтық баға береді", – деді ол.

Кінәлілерді жазалау үшін адвокат тұрғындарға мынадай кеңес берді:

  • отшашу атылған нақты уақыт пен орынды тіркеу,
  • фото және видеоға түсіру,
  • көршілерді куәгер ретінде тартып, бұл материалдарды полиция қызметкерлеріне беру.
Анықтама: Абзал Қасымжанов - Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің бакалавриатын және Ұлыбританиядағы Глазго университетінің (University of Glasgow) магистратурасын "Болашақ" бағдарламасы бойынша тәмамдаған. Жұмыс өтілі 15 жылдан асады.

Тәртіпбұзушыларға қандай айыппұлдар салынуы мүмкін

ӘҚБтК-нің 437-бабы "Тыныштықты бұзу" бойынша келесідей айыппұлдар қарастырылған:

  • жеке тұлғалар үшін – 5 АЕК (2026 жылы 21 625 теңге);
  • шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін – 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге);
  • орта бизнес субъектілері үшін – 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге);
  • ірі бизнес үшін 100 АЕК (2026 жылы 432 500 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

ӘҚБтК-нің 436-бабы – "Елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды қолдану" бойынша:

  • Тәртіп бұзушыларға бірінші рет пиротехниканы тәркілей отырып, 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
  • Егер отшашуды 16 жасқа толмаған жасөспірім іске қосса, оның ата-анасына немесе қамқоршыларына ескерту жасалады немесе пиротехниканы тәркілей отырып, 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге) айыппұл салынады.
  • Бір жыл ішінде қайталап заң бұзса, сондай-ақ бұған дейін ӘҚБтК-нің 437-бабы "Тыныштықты бұзу" бойынша жауапқа тартылған тұлғаларға пиротехниканы тәркілей отырып, 30 АЕК (2026 жылы 129 750 теңге) айыппұл салынады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден 10:00-ге дейін тыныштықты сақтау қажет. Осы уақытта азаматтардың тыныштығын бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтыруы мүмкін.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама