Алматыда түтіндейтін автокөліктерді тексеру бойынша рейдтер өтіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматыда экологиялық стандартқа сай келмейтін көліктерге қала орталығына ақылы түрде кіру жүйесін енгізу ұсынылды. Осыған байланысты қалада жылжымалы зертханалар рейдтер жүргізіп жатыр.
Әкімдік мәліметінше, 4-10 қазан аралығында мамандар 224 көлікті тексерген. Оның 138-і бензинмен немесе газбен жүрсе, 23-інде зиян заттар рұқсат етілген мөлшерінен асып кеткен.
64 дизельді көліктің 26-сы бойынша да уыттылық пен түтіндеу нормалары бұзылғаны тіркелген.
Айта кетейік, Алматыдағы экология мәселесі жыл сайын өзекті болып келеді. Жақында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев қаладағы экологиялық проблемаларды шұғыл шешу қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәселені шешудің бір жолы – электромобильдерді кеңінен пайдалану.
Еске салайық, Алматыда атмосфералық ауаны қорғау қағидаларының жобасы әзірленген болатын. Ереженің негізгі мақсаты – атмосфераның ластану деңгейін жүйелі түрде төмендету. Экология басқармасының деректеріне сәйкес, қаладағы барлық шығарындының 60 пайызы автокөліктен, қалғаны жеке тұрғын үй секторына және стационарлық ластану көздерінен шығады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!