Алматыда қаланың бұрынғы бас сәулетшісі Алмасхан Ахмеджанов пен басқа да фигуранттарға қатысты сот талқылауы басталды. 30 сәуірде сотта Ахмеджановтың қорғаушысы судьяға қарсылық білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұған дейін апелляциялық инстанция айыптау үкімінің күшін жойып, заңбұзушылықтарға байланысты істі прокуратураға қайтарды. Ол бойынша Ахмеджанов 11 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Енді іс Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта жаңартылған айыптау актісі бойынша қайта қаралып жатыр.
Не болды?
Отырыс басталар алдында Алмасхан Ахмеджановтың адвокаты Шолпан Сәрсенова судья Бақытжан Бәкірбаевқа қарсылық білдірді.
Қорғау тарапы судья бұған дейін елеулі заңбұзушылықтарға байланысты үкімнің күшін жойған апелляциялық сатының тұжырымдарын ескерусіз қалдырды деп отыр. Адвокаттың айтуынша, прокурор жаңа айыптау актісіндегі қателерді түзетпеген, ал судья басты сот талқылауын тағайындау алдында бұл деректі тексермеген.
"Соттың апелляциялық сатының міндетті тұжырымдарын елемеуі, іс жүзінде түзетілмеген елеулі заңбұзушылықтарға назар аудармауы істі қарауға деген біржақты көзқарасты білдіреді және соттың объективтілігі мен бейтараптығына негізді күмән тудырады", – деді Сәрсенова.
Сотқа сенімсіздік білдіруге алдын ала тыңдау кезінде бұлтартпау шарасын жеңілдетуден бас тарту қосымша себеп болды. Адвокаттар Ахмеджановтың денсаулық жағдайына және тергеу изоляторында қамауда ұстаудың шекті мерзімдерінің аяқталуына байланысты оны үйқамаққа ауыстыруды сұраған, алайда судья Бәкірбаев оны қамауда қалдырды.
Қорғау тарапы пікірінше, мұндай ұстаным істің мән-жайына тікелей қайшы келеді және соттың жеке мүдделілігін көрсетеді.
"Мен адвокаттарымды қолдаймын. Менің сотқа сенбеуге негізім бар. Мені үйқамаққа шығарудан бас тартқан кезде сот сілтеме жасаған бұйрық табиғатта жоқ. Басқа бұйрыққа сәйкес, менің ауруым бұдан әрі қамауда ұстауға жатпайтын аурулар тізіміне кіреді", – деді сотталушының өзі.
Судья Бақытжан Бәкірбаев / Фото: Tengrinews.kz
Сот отырысында үзіліс жарияланды. Судьяға қарсылық туралы мәселені осы соттың басқа судьясы шешеді.
Іс фигуранттарына қазір қандай айыптар тағылып отыр?
Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің бірқатар бабы бойынша айып тағылды:
Алмасхан Ахмеджановқа (қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының экс-басшысы) үш бап бойынша айып тағылған:
- 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы 28-баптың 5-бөлігі арқылы – "Аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа жәрдемдесу";
- 361-баптың 1-бөлігі – "Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану";
- 361-баптың 4-бөлігі 3-тармағы – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану".
Ардақ Самамбетов (жер қатынастары басқармасының экс-басшысы) келесі баптар бойынша:
- 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы 28-баптың 5-бөлігі арқылы – "Аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа жәрдемдесу";
- 361-баптың 4-бөлігі 3-тармағы – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану".
Ерлан Жармұханбетовке (жерге орналастыру бөлімінің бұрынғы басшысы) мына баптар бойынша айып тағылды:
- 361-баптың 4-бөлігі 3-тармағы 28-баптың 5-бөлігі арқылы – "Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға жәрдемдесу";
- 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы 24-баптың 3-бөлігі арқылы – "Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасауға оқталу";
- 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы – "Аса ірі мөлшердегі алаяқтық";
- 361-баптың 4-бөлігі 3-тармағы – "Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану";
- 366-баптың 4-бөлігі 24-баптың 3-бөлігі арқылы – "Аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу".
Алмасхан Бәкіров (бағалау компаниясының директоры) келесі баптар бойынша:
- 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы 24-баптың 3-бөлігі арқылы – "Аса ірі мөлшерде алаяқтық жасауға оқталу";
- 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы – "Аса ірі мөлшердегі алаяқтық";
- 361-баптың 4-бөлігі 3-тармағы 28-баптың 5-бөлігі арқылы – "Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға жәрдемдесу";
- 366-баптың 4-бөлігі 24-баптың 3-бөлігі және 28-баптың 5-бөлігі арқылы – "Аса ірі мөлшерде пара алуға оқталуға жәрдемдесу".
Мұханбетәлі Шалқарбеков пен және Берік Үскембаевқа бір бап бойынша айып тағылған:
- 190-баптың 4-бөлігіның 2-тармағы – "Аса ірі мөлшердегі алаяқтық".
Алматының бұрынғы бас сәулетшісіне бұған дейін қандай айып тағылды?
Бірінші үкім неге жойылды?
2026 жылғы 25 ақпанда апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 17 ақпандағы үкімінің күшін жойды. Бұған сот тергеуінің толық болмауы және процессуалдық заңбұзушылықтар себеп болды.
Сондай-ақ алқа бірінші сатыдағы соттың Алматы әкімінің атына сотталғандардан 6 миллиард 404 миллион теңгеден аса соманы өндіру туралы азаматтық талап арыз қозғау жөніндегі жеке қаулысының күшін жойды.
Бірінші сатыдағы соттың үкімі қандай болды
2025 жылғы 17 ақпанда Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты іс бойынша алты қатысушыны жер махинацияларына кінәлі деп тапты.
Сотталғандарға келесідей жазалар тағайындалды:
- Алмасхан Ахмеджанов 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Жер қатынастары басқармасының экс-басшысы Ардақ Самамбетов – 10 жылға сотталды.
- Жерге орналастыру бөлімінің бұрынғы басшысы Ерлан Жармұханбетов – 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
- "BAB Assessment" компаниясының бағалаушысы Алмазхан Бәкіров – 8 жылға сотталды.
- Берік Өскембаев және Мұханбетәлі Шалқарбеков алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсы бес жылға шартты түрде сотталды.