ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 02 шілде 2026 15:19
Amazon мен G42 Қазақстанның жаңа цифрлық жобасына қызығушылық танытты
Мемлекет басшысы әлем технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордағы сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы әлем технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордағы сілтеме жасап.
Президент жасанды интеллект жаһандық дамудың қозғаушы күшіне айналады деп санайды.
"Мемлекеттің инвестициялық саясатында жасанды интеллект технологияларына мән беру – аса маңызды басымдық. Бұл қайталанбалы үдерістерден арылып, "ақылды сүзгі" қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы инвесторларға жедел, нақты әрі тиімді қызмет көрсетіледі. ЮНКТАД болжамы бойынша, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект экономикасының көлемі 5 триллион долларға жуықтайды. Аталған көрсеткіштің ондаған жыл ішінде шамамен 25 есе ұлғаюы жаһандық экономикадағы жасанды интеллектінің рөлі артып келе жатқанын байқатады. Еліміз осы бағытты белсенді қолға алуға ниетті. Былтыр халыққа арнаған Жолдауымда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін 2026 жыл – Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. Болашақтың бағдарын айқындай отырып, біз азаматтардың цифрлық қауіпсіздігіне ден қоямыз. Қазақстан Конституциясының жаңа редакциясы әр адамның дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Институционалдық негізді нығайту үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Сонымен қатар Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес мүшелеріне заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Атап айтқанда, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғаш рет озық технологиялар негізінде екі суперкомпьютерді сәтімен іске қосты.
"Инвестицияларға цифрлық дәуір талаптарына сай келетін заманауи нормативтік-құқықтық база кепіл болады. Жақында Парламентте қабылданған Цифрлық кодекс, "Жасанды интеллект туралы" заң және Digital Qazaqstan стратегиясы ел дамуының айқын технологиялық жол картасын түзеді. Бұл құжаттар инновацияға, инвестиция тартуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге де лайықты жағдай жасайды. Бұдан бөлек, Қазақстанның цифрлық экономикасының негізгі элементтерінің бірі саналатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құруға ниеттіміз. Бірегей жоба жаһандық капитал мен әлемнің жетекші технологиялық компанияларының басын қосатын қуатты орталыққа айналмақ. Amazon, G42 және басқа да салалық көшбасшылар осы экожүйеге қатысу мүмкіндігін қарастыра бастады", – деді Мемлекет басшысы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу