ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті Amir Capital қаржы пирамидасын құру және оны басқару дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Өзін халықаралық инвестициялық қор ретінде таныстырған Amir Capital компаниясы үш жыл бойы Қазақстан, Беларусь, Ресей және Қырғызстан азаматтарынан криптовалюта саудасы, майнинг және түрлі жобаларға инвестициялау арқылы қаржы тартқан. Олар 5-10 пайыз мөлшерінде табыс табуға уәде еткен.
Инвесторлар компанияның ресми сайты арқылы жолданған сілтеме бойынша тіркелген. Жеке кабинеттерді толтыру криптовалюта түрінде (USDT, BTC, ETH) Amir Wallet әмияны арқылы жүзеге асқан. Түскен қаражат қаржы пирамидасының ұстанымы бойынша бөлініп отырған. Яғни бұрын тіркелген қатысушыларға кейінгі салымшылардың қаржысы есебінен ақша төленген.
ҚМА мәліметінше, бұл пирамидаға 40-тан аса адам тартылған. 2021 жылдың аяғында салымшылардың amir.capital платформасындағы жеке кабинеттерінен қаражат шығару мүмкіндігі шектелген. Ұйымдастырушылар бұл жағдайды техникалық ақау деп түсіндіріп, төлемді қайта бастауға уәде бергенімен, бұл орындалмаған.
"Құны 10 млн АҚШ долларынан асатын криптоактивтер мен Алматы облысындағы жер телімі бұғатталды. Күдіктілердің бірі 2 айға қамауға алынды", - деп жазылған ҚМА хабарламасында.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!