"Қазгидромет" синоптиктері 4, 5 және 6 маусымға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қазақстанда нөсер жауады
Болжамға сәйкес, белсенді терең циклон Қазақстан аумағының басым бөлігіне әсерін жалғастырады. Алдағы күндері елімізде ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады: найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жел күшейеді. Сондай-ақ бұршақ жауып, дауыл тұруы мүмкін.
"4 маусымда еліміздің батыс өңірлерінде, 4-5 маусымда - солтүстік-батыста және солтүстікте, 6 маусымда республиканың оңтүстік-шығысында нөсер болады деп болжанады. Тек Қазақстанның шығысы мен оңтүстігінде күн райы негізінен жауын-шашынсыз болады", - деді метеорологтар.
Температура көрсеткіштері қандай болмақ?
Күндіз еліміздің батысында, солтүстік-батысында және солтүстігінде ауа температурасы +22...+30 градусқа дейін көтеріледі, солтүстік-шығыста және шығыста күн ыстық болып, термометр бағаны +30...+37 градусқа дейін жетеді, ал оңтүстік-шығыста ауа температурасы +25...+33 градусқа дейін аздап төмендеуі күтіледі.
Қазақстанда 2026 жылдың маусымы қандай болады?
Бұған дейін синоптиктер Қазақстандағы 2026 жылдың маусым айына арналған консультативтік ауа райы болжамын ұсынған болатын. Болжамға сәйкес, Қазақстанда жаздың алғашқы айы қалыпты деңгейден 1–2 градусқа жоғары болады, мезгіл-мезгіл нөсер жауып, найзағай ойнап, дауыл соғады. Кейбір аймақтарда +46 градусқа дейін жететін аптап ыстық күтіледі. Толығырақ осы жерден оқыңыз.