ПОДЕЛИТЬСЯ
07 маусым 2023 | 15:58
Арал теңізінің қазіргі экологиялық жағдайы қандай? Облыс әкімі жауап берді
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал теңізіндегі экологиялық жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал теңізіндегі экологиялық жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жыл сайын кеуіп қалған Арал теңізінің түбінен он миллион тонна тұзды құм желмен ұшып кетеді. Олар мыңдаған шақырымға таралады. Қызылорда облысы әкімінің сөзінше, сексеуіл егу - теңізден тұзды құмның ұшып кетпеуінің бірден-бір жолы.
"Өкінішке қарай, соңғы жылдары климатқа байланысты бірқатар ел су тапшылығын сезініп жатыр. Соңғы 12 жылда Сырдария өзенінен Арал теңізіне келетін су көлемі 8,5 миллиард текше метрге азайды. Аралдан тұзды құмның ұшып кетпеуінің бір ғана жолы - сексеуіл егу", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Мемлекет басшысы 2021-2025 жылдар аралығында 1 миллион 100 мың гектар жерге сексеуіл егу туралы арнайы тапсырма берді.
"Соңғы екі жылда 2021-2022 жылдары 350 мың гектарға сексеуіл ектік. Биыл да 250 мың гектар алқапқа сексеуіл егу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстар аяқталса, Аралдың орманды алқабы ұлғаяды. Бұл тұзды құмның ұшып кетуіне жол бермейді. Аздаған болса да экологияның жақсаруына ықпал етеді", - деді әкім.
Арал теңізінің кеуіп қалған түбін абаттандыру осыдан 20 жыл бұрын басталған. Осы жылдар ішінде 200 мың гектардан астам алқапқа сексеуіл егу үшін түрлі әдістер қолданылды. Табиғи процестің арқасында бұл аумақта 400 мың сексеуіл өсті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также