05 маусым 2018 | 17:25

Арал теңізінің Оңтүстік және Солтүстік бөліктеріне жасалған экспедиция

© Мassaget.kz/Yernar Almabek

Арал теңізінің тартылуы бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанды ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатып отырған мәселелердің бірі. XX ғасырдың ортасына дейін үлкендігі жағынан Жер бетінде төртінші орында болған көлдің көлемі жарты ғасырда 68 900 (1960 жылы) шаршы шақырымнан 8 303 (2015 жылы) шаршы шақырымға дейін азайған. Мәселенің басты себептерінің бірі ретінде 1950-1960 жылдары КСРО үкіметінің ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты жүргізген саясаты айтылады. Дәл сол кезден бастап Аралға құятын екі өзен – Әмудария мен Сырдарияның суы көп мөлшерде жер суаруға алына бастаған еді. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Арал теңізінің тартылуы бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанды ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатып отырған мәселелердің бірі. XX ғасырдың ортасына дейін үлкендігі жағынан Жер бетінде төртінші орында болған көлдің көлемі жарты ғасырда 68 900 (1960 жылы) шаршы шақырымнан 8 303 (2015 жылы) шаршы шақырымға дейін азайған. Мәселенің басты себептерінің бірі ретінде 1950-1960 жылдары КСРО үкіметінің ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты жүргізген саясаты айтылады. Дәл сол кезден бастап Аралға құятын екі өзен – Әмудария мен Сырдарияның суы көп мөлшерде жер суаруға алына бастаған еді. 

Бүгінде қос өзеннің алқабы егістікке толғанымен, теңіздің орны қаңырап тұр. Аймақтың экожүйесі үлкен өзгеріске ұшыраған. Балықшы ауылдар жетім баладай айналасына жалтақтап, "Су қайта толар ма екен?" деп елеңдеседі. Кезінде теңізде қалықтаған кемелер тот басып, айдалада жатыр. Жұртшылықтың үміті жыл өткен сайын сөнуге жақын. Ғалымдар түрлі шешімін ұсынып, бірқатар істер атқарылып жатқанымен, олардың нәтижесі сүйіншілеп айтатындай дәрежеде емес.

Реклама
Реклама

Бірақ істелген жұмысты да жоққа шығаруға болмайды. Бұл ретте алдымен ойға келетіні - Көкарал бөгеті. Оның салыну тарихы сонау 1992 жылдан бастау алады. Алғашқы тоған 1992 жылы салынып, 1993 жылы су деңгейінің көтерілуі әсерінен шайылып кеткен. Одан кейінгісі 1997 жылы салынған. Ол да бірнеше жылдан кейін дауылдың кесірінен бұзылған. 2005 жылы салынған үшінші бөгет әлі де қызмет етіп келеді. Ұзындығы 13 шақырым, ені 100-150 метрді құрайтын бұл құрылыстың басты мақсаты: Кіші Аралдағы су деңгейін қадағалау және оны қайта қалпына келтіру. Әзірге бәрі жоспарға сай жүзеге асып жатыр. Бөгет пайда болғалы су деңгейі біршама көтерілген, тұздылық пен минералдану деңгейі төмендеген және жойылуға жақын балық түрлері қайта қалпына келген. Десе де, жасалатын жұмыс әлі көп. Ендігі мақсат: бөгеттің биіктігін көтеріп, су деңгейін Арал қаласына дейін жеткізу.

Айта кетерлігі, Көкаралдағы үшінші бөгеттің салынуына Дүниежүзілік банк қаржылай көмек көрсеткен. Жалпы, қазіргі таңда Арал мәселесін түрлі халықаралық ұйымдар мен жекелеген тұлғалар жиі көтеріп жүр. Қоғамға әрдайым теңіз туралы тың деректер ұсынуға ынталы сондай ұжымның бірі ретінде - "Qazaq Geography" Қазақстан Ұлттық Географиялық қоғамын мысалға келтіруге болады. Бұл ұйым осы уақытқа дейін Аралға бірнеше мәрте ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырған. Осы жылы да 10-29 мамыр аралығында 20 адам болып жол талғамайтын көліктермен теңізді толығымен дерлік айналып шықты. Жалпы, экспедиция Қазақстан мен Өзбекстан аумағы бойынша 7000-ға жуық километрді жүріп өтті. Астанадан басталған сапар Қарағанды, Балқаш, Шу, Тараз, Шымкент, Ташкент, Самарқан, Бұхара, Хиуа, Нүкіс, Мойнақ елдімекендері арқылы Арал теңізінің оңтүстік бөлігіне жетіп, одан кейін Бейнеу, Бозой арқылы теңіздің солтүстік бөлігіне барды. Сапарға "Qazaq Geography" мүшелерінен бөлек, видеограф, фотографтар мен журналистер және Назарбаев Университетінің ғылыми қызметкерлері де қатысты.

Зерттеу тобы теңіздің 8 нүктесінен су сынамаларын алып, олардың негізгі физика-химиялық параметрлерін анықтады. Нәтиже әр алуан. Мысалы, Оңтүстік Аралдың бір нүктесінде судың тұздылығы 128 промиллені көрсетті. Қарапайым тілмен айтар болсақ, бұл - мұндағы 1 литр судың 128 граммы тұздан тұрады деген сөз. Ал, Солтүстік Аралдағы тұздылық деңгейі көпшілікті қуантты. Ілкіде атап өткен Көкарал бөгетінің маңында тұздылық 3,76 промиллеге тең боп шықты. Бұл мұнда түрлі тіршілік иелері еркін өмір сүре алады дегенді білдіреді.

Зерттеу жұмыстарынан бөлек, экспедиция мүшелері жол бойында кездескен тарихи-мәдени орындарға соғып, олармен танысып қана қоймай, көпшілікке белгісіз ескерткіштердің нақты орналасқан жерін картаға белгілеп, суретке және видеоға түсірді. Кез келген саяхат қиындықсыз болмайды. "Арал-2018" экспедициясының мүшелері де түрлі кедергілерге тап болды. Алайда, бірлесе жұмыс істегеннің арқасында барлық мәселелер уақытылы шешіліп, сапар сәтті аяқталды. 20 күнге созылған қызығы мене шыжығы көп сапардың қалай өткенін көпшілікке көрсету мақсатында және оқырмандар экспедиция атмосферасын жақсырақ сезінсін деген оймен Массагет тілшілері арнайы видео дайындаған болатын. Назар салыңыздар!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная