Әрбір жетінші алматылық автобуста жолақысын төлемейді

Әрбір жетінші алматылық автобуста жолақысын төлемейді Фото © Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Алматыда қоғамдық көлік жолаушыларының шамамен 15 пайызы жолақысын төлемейді. Тасымалдаушының бағалауынша, әрбір жетінші алматылық автобустар мен троллейбустарда "қоян" болып жүреді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

"АлматыЭлектротранс" ЖШС мәліметінше, әсіресе қарбалас уақытта билетсіз жүретіндер қатары көбейеді. Көптеген жолаушы жолақысын бақылаушылар салонға кіргеннен кейін ғана төлейді.

Билетсіз жолаушыларды қалай ұстайды?

Жарнама
Жарнама

Күн сайын Алматы бағыттарына 70-ке жуық бақылаушы шығады. Бір ауысымда олардың әрқайсысы шамамен 200 автобус пен троллейбусты тексереді.

Қызметкерлердің айтуынша, кейбір жолаушылар жүйені алдауға тырысады: жалған QR-кодтарды көрсетеді, өзгенің көлік карталарын пайдаланады немесе жүйеде ақау болды деген сылтаумен жолақыны төледім деп сендіреді.

"АлматыЭлектротранс" ЖШС бақылаушысы Сандуғаш Ибраимова жұмыс істеген жылдарында түрлі жағдайларға тап болғанын айтып берді.

"Жалған карта. Өзгенің картасын алып, бетіне бірдеңе жапсырып алып, сонымен төлейді. Бұл басқа біреудің картасын рұқсатсыз пайдалану болып саналады. Студенттер мен сырттан келгендердің көбі төлемейді. Бірде билетсіз отырған әйел өзін дөрекі ұстады. Мен мән-жайды түсіндіре бастағанда, ол мені ұрып жіберді. Содан кейін шашымнан жұлқи бастады. Осындай жағдай болды", - деді ол.

"Қояндарға" қандай жаза қолданылады?

Егер бақылаушы билетсіз жолаушыны анықтаса, алдымен профилактикалық әңгіме жүргізіледі. Егер адам жолақыны төлеуден бас тартса, полиция қызметкерлері шақырылады.

Билетсіз жүргені үшін айыппұл 2 АЕК - 8,5 мың теңгеден асады.

"АлматыЭлектротранс" өкілдері төленбеген жолақы тек бір реттік сапардың құнын жоғалту емес екенін атап өтті. Бұл қаражат қызметкерлердің жалақысына, жылжымалы құрамды жөндеуге және жаңартуға жұмсалады.

"Шығын көлемі айтарлықтай, өйткені жолақы арқылы компаниямызға түсетін қаражат бірінші кезекте жүргізушілер мен басқа да қызметкерлердің еңбекақысына тікелей әсер етеді. Сондай-ақ бұл жылжымалы құрамды дер кезінде жөндеу және жолаушылар үшін барынша жайлы жағдай жасау деген сөз", - деді "АлматыЭлектротранс" ЖШС бақылау-ревизиялық қызметі бастығының орынбасары Руслан Қыстаубаев.

Мәліметтерге сүйенсек, күн сайын Алматыда қоғамдық көлікті 1,5 миллионға жуық жолаушы пайдаланады. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар бағыттар қала бюджетінен субсидияланады. Осы мақсаттарға шамамен 123 миллиард теңге қарастырылған. Алайда тасымалдаушылар бюджет қаражаты жолаушылардың төлейтін ақысын алмастырмайтынын, сондықтан әрбір сапар үшін көлікке мінген бойда бірден төлем жасау керектігін ескертеді.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама