ПОДЕЛИТЬСЯ
27 маусым 2019 | 19:05
Арыстықтар Шымкентте алаңға шықты
Арыстықтар Шымкентте орталық алаңға шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Арыстықтар Шымкентте орталық алаңға шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, Арыстың эвакуацияланған тұрғындары Шымкенттен және облыстағы басқа да елді мекендерден баспана мен жер учаскелерін беруді сұрап отыр. Жиналғандар Арысқа барудан қорқатынын айтқан.
Желіде шеруге шыққандардың Nur Otan партиясы ғимаратының тезерелерін сындырмақ болғаны түсірілген видео пайда болды.
Сол жерде болған ерікті Асхаттың айтуынша, адамдар өте ашулы болған.
"Мен Nur Otan ғимаратының ішінде болдым. Адамдар бөтелке лақтырды. Ештеңе сындырған жоқ. Маңында полицейлер тұрды, бірақ олар араласпай, тәртіпті қадағалады. Адамдар 20 минуттай болғаннан кейін "Шымкент Плаза" жаққа барды. Белсенділер наразылығын білдірді. Олар Арыстың болашағы жоқ деді, сондықтан Шымкентте қалғысы келетінін айтты. Мешіт маңында провокаторлар көп", - дейді ерікті.
Otyrar.kz мәліметінше, Арыс тұрғындарына әл-Фараби алаңына Шымкенттің Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов шыққан. Ол заңсыз акцияны тоқтатуды талап еткен.
Мұның алдында Шымкент әкімі Арыс тұрғындарының талабына жауап берген еді.
"Сіздер Шымкенттен үй беруді сұрайсыздар. Шымкентте 130 мың адам үйдің кезегінде тұр, мүгедектер де бар, жағдайы нашар отбасылар бар, көпбалалы аналар бар. Мен оларға не деуім керек? "Мен сіздерге бермейміз, Арыс тұрғындарына беремін" деуім керек пе? Олар да сіздердей адам ғой, олар да сіздер секілді жиналып, талап етуі мүмкін. Кейбірі тіпті 10 жылдай кезекте тұр. Арыс жақсы қала, станция, экономикасы дамиды. Ертең оқ-дәрілерді көшіріп әкетеді. Жаңа үйлер салынады, жаңа жолдар салынады", - деп жауап берген еді шаһар әкімі.
Ал одан кейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев Шымкентте Арыс тұрғындарымен кездескен болатын.
Облыс әкімі жиналғандармен "Акмешітте" кездесті. Арыс тұрғындары радиация жайлы қауесеттің тарап жатқанын айтып, басқа қалаларға көшіруді сұрады.
"Арандатушыларды тыңдамаңыздар! Мені тыңдаңыздар. Бізге бірге болуымыз қажет. Арыста ешқандай радиация жоқ. Сіздерге Арыста үй салып береміз. Сосын оны сатасыздар ма, жоқ па - өздеріңіз шешесіздер", - деді Өмірзақ Шүкеев.
Кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Арыс тұрғындарымен кездесіп, оларды арандатуға ермеуге шақырған еді.
Показать комментарии
Читайте также