“Әскери жиындарға шақырту“: бару міндетті ме және жалақы сақтала ма?

“Әскери жиындарға шақырту“: бару міндетті ме және жалақы сақтала ма? Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар әскери жиындарға шақыруды қызу талқылап жатыр. Tengrinews.kz Қорғаныс министрлігінен кімдердің тартылуы мүмкін екенін, келу міндетті ме және жалақы өтемақысы қарастырылған ба, соны білді.

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар әскери жиындарға шақыруды қызу талқылап жатыр. Tengrinews.kz Қорғаныс министрлігінен кімдердің тартылуы мүмкін екенін, келу міндетті ме және жалақы өтемақысы қарастырылған ба, соны білді.

"Жиынға келуге міндетті"

Талқылауға бір айға жуық мерзімге әскери жиынға шақырту алған қазақстандықтың оқиғасы себеп болды. Ер адам бастапқыда хабарлама қате болуы мүмкін деп ойлаған, алайда әскери комиссариатқа хабарласқаннан кейін оған келу міндетті екені расталды.

Жарнама
Жарнама

"Телефон арқылы маған жиынға келуге міндетті екенімді айтты. Жұмыс істейтінімді, отбасымды асырап отырғанымды және балаларым бар екенін айтып, мұндай ұзақ мерзімге кете алмайтынымды түсіндірдім", - деп жазды автор.

Ер адамның айтуынша, әскери комиссариат қызметкерлері келудің қатаң міндетті екенін айтып, айыппұлдар туралы ескерткен. Сондай-ақ оның жұмыс орны мен жалақы деңгейін нақтылаған.

"Вахталық әдіспен жұмыс істейтінімді және жалақым айына шамамен 750 000 теңге екенін хабарладым. Оған жауап ретінде жиын кезінде бұл сома өтелетінін айтты. Шыны керек, төлемдердің толық көлемде және қиындықсыз төленетініне күмәнім бар", - деп жазды қолданушы.

Пост авторы мұның қаншалықты заңды екенін және іс жүзінде не күтуге болатынын сұрады.

Жиындар не үшін өткізіледі және кімдерді шақыруға құқылы?

Tengrinews.kz пікір алу үшін Қорғаныс министрлігіне жүгінді.

Анықтама: ведомствода әскери жиындар - запастағы азаматтарды міндетті даярлаудың бір түрі екенін түсіндірді. Олар әскери білімді қолдау және жетілдіру, жаңа техниканы игеру және Қарулы Күштердің жалпы жұмылдыру дайындығын арттыру мақсатында ұйымдастырылады.

Әскери міндеттілер мұндай ұзақтығы бір айға дейінгі оқу-жаттығу жиындарынан бес жылда бір рет өте алады.

Қорғаныс министрлігі жиынға әскери есепте тұрған және запастағы азаматтардың тартылатынын айтты.

"Кандидаттарды іріктеуді жергілікті әскери басқару органдары Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мамандарға деген қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырады. Бұл ретте әскери міндеттінің жасы, оның әскери дайындық деңгейі, мерзімді әскери қызметтен немесе келісімшарт бойынша қызметтен өту тәжірибесінің болуы, денсаулық жағдайы, сондай-ақ басқа да факторлар ескеріледі", - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Келу міндетті ме және шақыруды елемеу неге әкеп соғады?

Ведомствода әскери жиынға шақыру қағазы міндетті екенін атап өтті. Азамат көрсетілген жерге және уақытқа келуі тиіс.

Шақыруды елемеу әрекеті үшін 5 АЕК (2026 жылға 21 625 теңге) көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ медициналық тексеруден өтуден бас тартқаны үшін де жазалануы мүмкін.

"Бұл ретте әкімшілік айыппұлды төлеу азаматты заңнама талаптарын орындау және әскери жиындардан өту үшін келу міндетінен босатпайды. Келмей қалу себептері жойылғаннан немесе әкімшілік жаза орындалғаннан кейін әскери міндетті қайта шақырылуы мүмкін", - деп ескертті Қорғаныс министрлігі.

Заң бойынша келесі жағдайлар келуден бас тартудың дәлелді себептері деп танылады:

  • шақырылушының ауыруы,
  • жақын туыстарының ауыр сырқаты,
  • азаматты шақыру қағазы бойынша келу мүмкіндігінен объективті түрде айырған төтенше жағдайлар немесе өзге де себептер.

Ведомство бұл жағдайлар тиісті құжаттармен расталуы керектігін атап өтті.

Кімдердің жиыннан босатылуға құқығы бар?

Министрлік "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңның 36-бабына сәйкес кейбір азаматтардың әскери жиындардан босатылатынын еске салды. Тізімге мыналар кіреді:

  • Қорғанысты, қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етумен байланысты лауазымдардағы мемлекеттік орган қызметкерлері;
  • Авиациялық персонал (мемлекеттік, азаматтық және эксперименттік авиация);
  • Егін егу және жинау жұмыстары кезеңіндегі ауыл шаруашылығы еңбеккерлері;
  • Оқу жылы кезіндегі күндізгі оқу нысанындағы педагогтер және күндізгі бөлімде оқитын студенттер;
  • Әскери міндетті әйелдер;
  • Запасқа шығарылғаннан кейін екі жыл ішіндегі әскери міндеттілер;
  • 18 жасқа дейінгі үш және одан да көп баланы тәрбиелеп отырған адамдар;
  • Қылмыстық қудалауға ұшыраған азаматтар;
  • Парламент және мәслихат депутаттары, сондай-ақ әкімдер (аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері).

Жалақы қалай өтеледі және жұмыс орны сақтала ма?

Біз әскери жиындар кезінде әскери міндеттілердің жалақысы мен жұмысы не болатынын нақтыладық. Қорғаныс министрлігі қызметкердің жұмыс орны мен лауазымы сақталатынын, ал жиын кезеңі еңбек өтіліне есептелетінін хабарлады.

Бұл ретте төлемдер мөлшері шектеулі - өтемақының белгіленген шегі бар.

"Әскери міндеттілерге әскери жиындар кезеңінде орташа жалақы төленеді, бірақ ол республика бойынша орташа жалақыдан аспауы тиіс, ал жұмыс істемейтіндерге - бюджет қаражаты есебінен ең төменгі жалақы төленеді. Әскери жиындардан өту уақыты азаматтың жалпы еңбек өтіліне есептеледі", - деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Осылайша, әскери жиындар уақытында әскери міндеттілердің белгілі бір төлемдері сақталады, ал одан өту кезеңі еңбек өтіліне қосылады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде мәліметтер пайда болды, онда әскерде қызмет етпеген 27 жастан асқан қазақстандықтардың әскери қайта даярлауға жіберілетіні айтылған. Бұл ретте Қорғаныс министрлігі таратылып жатқан хабарламаға жауап берген болатын. Толығырақ осы жерден оқыңыз.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама