ПОДЕЛИТЬСЯ
22 тамыз 2019 | 12:22
Әскери қызметкерлер көпбалалы отбасыларға кеш ұйымдастырды
Шымкентте республикалық "Мектепке жол" акциясы аясында Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде қызмет ететін көпбалалы отбасының бас иесі, әрі қызметте үздік әскери қызметшілерді құрметтеу мақсатында Шымкент қалалық және Абай аудандық, сондай-ақ Түркістан облысының Ленгер қалалық әкімдіктерімен бірлесіп, "Отан - отбасынан басталады" атты бірнеше кеш ұйымдастырылды, - деп хабарлайды ҚР Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Шымкентте республикалық "Мектепке жол" акциясы аясында Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде қызмет ететін көпбалалы отбасының бас иесі, әрі қызметте үздік әскери қызметшілерді құрметтеу мақсатында Шымкент қалалық және Абай аудандық, сондай-ақ Түркістан облысының Ленгер қалалық әкімдіктерімен бірлесіп, "Отан - отбасынан басталады" атты бірнеше кеш ұйымдастырылды, - деп хабарлайды ҚР Ұлттық ұланы "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
"Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" - демекші, озатқа, үздікке өзінің бағасын беріп, оны құрметтеу - Ұлттық ұланда қалыптасқан үрдістің бірі. Ал қызметте алдыңғы орында көрініп жүрген әскери қызметші көпбалалы үлкен отбасын асырап, балаларына үлгілі тәрбие беріп отырған отағасы болса, нұр үстіне нұр емес пе? Осындай отбасылардың бірнешеуі: бес баланың әкесі старшина Әділбек Отарбеков, алты баланың әкесі аға сержант Қуанышбек Әуелбек, төрт бала тәрбиелеп отырған аға сержант Нұрпейіс Төртбаев және Марат Қабылбаевтардың отбасылары құрметтеу кешінің кейіпкерлері болды.
Кеш барысында ізгі тілектер мен алғыстар айтылды. Ұлттық ұланның Шымкенттегі бірлескен Ардагерлер кеңесі демеушілік көрсетіп, көпбалалы отбасылардың әр баласына мекетепке қажетті барлық құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Сонымен қатар Шымкент қалалық, Түркістан облысы Төле би ауданы Ленгер қалалық әкімдіктерінен және Шымкент қалалсы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен келген өкілдер де өз сый-сияпаттарын ұсынды.
Сахна төрінде баласының жетістігіне марқайып отырған, старшина Әділбек Отарбековтің анасы сөз алып, ризашылығын білдірді. "Анаға баласының жеткен жетістігін көргеннен, оның осындай құрмет-марапатқа ие болып жатқандығынан артық бақыт бар ма? Әділбектің әкесі де өте еңбекқор, озат жылқышы болған еді. Ел алдында абыройлы еді. Міне, балам да, еңбегінің арқасында, сондай құрметке ие болып жатыр. Ризамын. "Ерім деген ел болмаса, Елім деген ер қайдан шықсын?" деген сөз бар ғой халықта. Әскерилерді құрметтеп, азаматтарының мәртебесін көтеріп, қолдау көрсетіп отырған Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығына, командирлеріне алғысым шексіз. Бұл - көпшілікке, қоғамға үлгі болар іс", - деп, ағынан жарылды ақ жаулықты ана.
Кешке арнайы Нұр-Сұлтан қаласынан келіп қатысқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов мырза сөз алып, Ұлттық ұланда республикалық "Мектепке жол" акциясы кең көлемде насихатталып, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетіліп жатқандығын атап өтті. "Мұндай шаралар Ұлттық ұланның әскери бөлімдері орналасқан еліміздің барлық қалалары мен ауылдарында өткізіледі", - деді генерал-майор Мұхаметқали Сатов.
Показать комментарии
Читайте также