2025 жылы Астана халқы шамамен 90 мың адамға көбейді, бұл елдегі барлық қала арасында ең үлкен көрсеткіш. Мұндай деректерді Ұлттық статистика бюросы келтірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Былтыр Астанадағы көші-қон сальдосы плюс 87 459 адам болды. Бұл дегеніміз, көші-қон есебінен елорда халқы күн сайын шамамен 240 адамға көбейіп отырған.
Анықтама: Көші-қон сальдосы - белгілі бір уақыт ішінде елге (немесе өңірге) келген адамдар саны мен кеткен адамдар саны арасындағы айырмашылық.
Оң көші-қон сальдосы Алматыда (33 126 адам), Шымкентте (15 130 адам) және Алматы облысында да (12 110 адам) қалыптасты.
Бұл ретте халықтың ең көп кетуі оңтүстік өңірлерде байқалған: Түркістан облысы (минус 42 649 адам) мен Жамбыл облысы (минус 21 179 адам), сондай-ақ Жетісу облысы (минус 13 018). Қызылорда облысында халық саны шамамен 12 мың адамға, Абай облысында 10 мың адамға дейін азайды.
2025 жылы Қазақстанға келгендер саны 23 761 адам болды, ал 7 608 адам елден кеткен.
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, негізгі көші-қон алмасуы ТМД елдерімен жүзеге асады. Ол жақтан келгендердің үлесі 81,8 пайыз, ал осы елдерге кеткендердің үлесі 71,8 пайыз болды.
Бұған дейін, Ұлттық статистика бюросы 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының санын жариялаған болатын. Бір жыл ішінде қазақстандықтардың саны 212 576 адамға көбейген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!