Astana LRT емес Tarlan Astana: енді жол жүру карталарына не болады?

LRT Фото © Tengrinews.kz / Эльдар Нуруллин

Жақында Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінің ресми атауы - Tarlan Astana болып бекітілді. Инфрақұрылым қашан жаңарады, жаңа жол жүру карталары шыға ма және бұған қанша қаражат жұмсалады? Бұл сұрақтарға Tengrinews.kz редакциясына City Transportation Systems (CTS) компаниясы жауап берді.

Атауын өзгерту емес, атау беру

"Атауын өзгертуге байланысты жеңіл рельсті көлік жүйесінің бүкіл инфрақұрылымын жаңарту қашан жоспарланған?" - деп сұрадық біз.

Жарнама
Жарнама

Сауалға жауап бере отырып, CTS мамандары "атауын өзгерту" деген тұжырымымызды түзетіп, келесіні хабарлады:

"Бұл атауды өзгерту емес, атау беру. Ол жоба аясында жүзеге асырылады. Аталған мақсаттарға қосымша қаражат бөлу қарастырылмаған. Жұмыстар кезең-кезеңімен орындалады".

Жоба қолға алынған көп жылдар ішінде елорда тұрғындары Astana LRT атауына үйреніп қалған. Алайда, белгілі болғандай, бұл ресми атау емес, тек әлемнің түрлі елдерінде жүретін көлік түрінің (ЛРТ немесе, мысалы, жерүсті метросы) техникалық атауы ғана болған.

Атауларға тоқталсақ, Tarlan Astana атауы пайда болғаннан кейін де станциялардың маңында Astana LRT деген жазуы бар көрсеткіштерді байқадық.

Фото: Tengrinews.kz/ Нұрлан Алжабаев

Карталар жайында не деуге болады?

Жаңа жол жүру карталары болады. CTS мәліметінше, көлік картасының жаңа дизайны әзірленіп жатыр.

"Жолаушылар жобаның ресми атауы анықталғанға дейін сатып алынған карталарды пайдалануды жалғастыра береді", - деп хабарлады CTS өкілдері редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Қысқасы, егер сіз карта сатып алып, оған теңгерім салып, пайдаланып жүрсеңіз, оны тастаудың қажеті жоқ, ол өз күшінде қалады. Ал болашақта мұндай "жол жүру билетін" естелік ретінде сақтап қоюға болады, өйткені ол қазірдің өзінде тарихқа енді.

Неліктен Tarlan Astana атауы енді ғана пайда болды?

Неліктен LRT-ға ресми атау іске қосылғаннан кейін ғана берілді? CTS ақпаратынша, Tarlan Astana атауын бекіту туралы шешім "заңнамада белгіленген рәсімдер аясында" қабылданған.

"Ресми атау беру мәселесі заңнамада қарастырылған барлық қажетті келісімдерден өткеннен кейін аяқталды", - деп толықтырды компания өкілдері.

LRT жобасына атау не үшін қажет болды?

Маусым айында Астана мәслихатының депутаты Бауыржан Қасымбергебаев LRT атауын өзгерту туралы шешімді туристер мен қала қонақтарының санасында бұл атау біздің елімізбен байланысты болуы үшін қабылданғанын айтқан болатын.

Оның айтуынша, LRT - бұл көлік түрінің техникалық атауы, ал көптеген елде жеңіл рельсті көліктердің тұрғындар үшін түсінікті әрі жақын өз атаулары болады.

Атауды өзгерту жобаның көптеген жылдарға созылған даулы тарихынан алшақтау ниетімен байланысты ма деген сұраққа, ол мұндай фактордың да бар екенін айтты. Дегенмен, депутаттың сөзінше, басты мақсат бұл емес.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама