ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 02 шілде 2026 12:40
Астана тұрғындары 86 500 теңгеге дейін сыйақы ала алады
Астана әкімдігі құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің жаңа қағидаларын бекітті. Енді елорда тұрғындары әкімшілік құқық бұзушылықты фото немесе видеоға түсіріп, оны мемлекеттік органдарға жолдаса, ол үшін ресми түрде ақшалай сыйақы ала алады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана әкімдігі сайтына сілтеме жасап.
Астана әкімдігі құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеудің жаңа қағидаларын бекітті. Енді елорда тұрғындары әкімшілік құқық бұзушылықты фото немесе видеоға түсіріп, оны мемлекеттік органдарға жолдаса, ол үшін ресми түрде ақшалай сыйақы ала алады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Астана әкімдігі сайтына сілтеме жасап.
Қала әкімі Жеңіс Қасымбек қол қойған қаулыға сәйкес, 2018 жылғы бұрынғы құжаттың күші жойылып, оның орнына сыйақы төлеудің жаңартылған тәртібі енгізілген.
Қанша төленеді және қандай жағдайда?
Құжатқа сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеп, материалдарды мемлекеттік органдарға жолдаған азаматқа құқықбұзушыдан өндірілген айыппұл есебінен сыйақы төленеді.
Сыйақының ең жоғары мөлшері 20 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайды. Сома шешім қабылданған кездегі АЕК мөлшеріне қарай есептеледі. 2026 жылы 20 АЕК – 86 500 теңге.
Өтініш иесі бұл қаражатты өз банк шотына ала алады немесе оны Қазақстанда тіркелген кез келген қайырымдылық ұйымына аударуды көрсете алады.
Анонимді хабарламалар үшін сыйақы төленбейді.
Маңызды шарт
Сыйақы алу үшін жіберілген ақпарат бірегей болуы керек. Яғни, сіздің хабарламаңыз түскенге дейін құқық бұзушылық:
- көшедегі автоматты камералар немесе сертификатталған құрылғылар арқылы тіркелмеуі;
- құқық қорғау органдарының қызметкерлері немесе басқа да лауазымды тұлғалар анықтамауы тиіс.
Ақша қашан төленеді?
Сыйақы тек құқықбұзушылық дерегі расталып, іс бойынша қаулы заңды күшіне енгеннен кейін және құқық бұзушы айыппұлды толық төлеген жағдайда ғана беріледі.
Шешімге қол қойылған күннен бастап қаражат өтініш иесінің шотына немесе көрсетілген қайырымдылық ұйымына 30 күнтізбелік күннен кешіктірілмей аударылады.
Өтінішті қалай беруге болады?
Егер сіз құқықбұзушылықтың (мысалы, қоқысты рұқсат етілмеген жерге тастау, ұсақ бұзақылық, көлік қою ережесін бұзу және т.б.) куәсі болып, оны смартфонға түсіріп алсаңыз:
- фото немесе видеоны eOtinish ақпараттық жүйесі, 102 мобильді қосымшасы арқылы немесе полицияның кезекші бөліміне жолдаңыз;
- уәкілетті органға белгіленген үлгідегі өтініш беріңіз. Оған жеке куәліктің көшірмесі, IBAN банк шотының деректемелері және фото-видео материалдар қоса тіркелуі керек.
Барлық өтініш ай сайын аудан әкімдерінің аппараттары жанынан құрылған азаматтарды көтермелеу жөніндегі арнайы комиссияның қарауына жіберіледі. Комиссия құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері кіреді.
Қоғамдық көмекшілерді де көтермелеу қарастырылған
Жаңа тәртіп құқықбұзушылықтарды тіркегені үшін берілетін біржолғы сыйақымен қатар, полицияға көшелерді патрульдеуге тұрақты көмектесетін қоғамдық көмекшілерді көтермелеу шараларын да реттейді.
Ақшалай сыйақымен бірге оларға:
- алғыс жариялау және грамотамен марапаттау;
- біліктілікті арттыру курстарына жіберу;
- негізгі жұмыс орнына көтермелеу туралы хат жолдау;
- қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан ерекше үлесі үшін мемлекеттік наградаларға ұсыну сияқты ынталандыру шаралары қарастырылған.
Жаңа қағида Әділет министрлігінде №39158 нөмірімен тіркелді және алғашқы ресми жарияланған күннен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу