Астанада электр энергиясы қымбаттайды: жаңа тарифтер аталды

Астанада электр энергиясы қымбаттайды: жаңа тарифтер аталды Фото:depositphotos.com

Астанада электр энергиясы тарифін көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы "Астана-АЭК" басқарма төрағасы Руслан Әбжанов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Астанада электр энергиясы тарифін көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы "Астана-АЭК" басқарма төрағасы Руслан Әбжанов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бүгін елордада "Астана-АЭК" мекемесінің жаңа тарифтерді бекітуге берген өтінімі бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Руслан Әбжановтың айтуынша, "Астана-АЭК" шекті бағаны ҚҚС-сыз киловатт-сағатына 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін көтеруге өтінім берген. Өсім 12,5 пайыз болады. Жаңа тарифтер 2026 жылғы 5 маусымнан бастап қолданысқа енгізілуі мүмкін.

Жарнама
Жарнама

Табиғи монополияларды реттеу комитеті Астана бойынша департаментінің мәліметінше, жаңа тарифтер әлі бекітілген жоқ, олар өтінім түскен күннен бастап бір айға жуық уақыт қаралуы мүмкін.

Тарифтер неге көтеріледі?

"Астана-АЭК" өкілдері алдағы тариф өсімін электр энергиясын сатып алу және тасымалдау шығындарының артуымен, KEGOC тарифтерінің өсуімен, теңгерімдеуші нарық пен қуат нарығындағы шығындармен, сондай-ақ тарифтерді тежеу мен халық үшін сараланған бағалардың қолданылуынан жинақталған шығынмен түсіндірді.

"Елордада электр энергиясын тұтынудың артуы қосымша фактор болды. 2026–2027 жылдарға арналған сатып алудың жоспарлы көлемі 4,57 миллиард кВтсағ, бұл бұрын бекітілген көлемнен 12,2 пайыз артық. Тұтынудың өсуі Астанадағы белсенді құрылыспен және жаңа нысандардың іске қосылуымен байланысты", - деді Руслан Әбжанов.

Елорда тұрғындары үшін өсім "әлеуметтік сараланған" түрде жүргізіледі деп уәде етіліп отыр. Орташа есеппен халық үшін тариф шамамен 10 пайыз өседі.

Электр плиталарымен жабдықталған пәтерлер үшін тарифтерді келесі деңгейде белгілеу ұсынылады:

  • 90 кВтсағ дейін - 17,67 теңгенің орнына 20,21 теңге (+14 пайыз);
  • 90-нан 180 кВтсағ дейін - 26,45 теңгенің орнына 29,09 теңге (+10 пайыз);
  • 180 кВтсағ жоғары - 33,06 теңгенің орнына 36,36 теңге (+10 пайыз).

Электр плитасы жоқ пәтерлер үшін:

  • 70 кВтсағ дейін - 17,56 теңгенің орнына 21,39 теңге (+22 пайыз);
  • 70-тен 140 кВтсағ дейін - 26,45 теңгенің орнына 29,09 теңге (+10 пайыз);
  • 140 кВтсағ жоғары - 33,06 теңгенің орнына 36,36 теңге (+10 пайыз).

Бизнес және басқа да тұтынушылар үшін тарифті бірден 22 пайызға - киловатт-сағатына 32,54 теңгеден 39,58 теңгеге дейін көтеру көзделеді. Бюджеттік ұйымдар үшін тарифті өзгерту жоспарланбаған.

Компания есебінше, өсімнен кейін орташа айлық төлем мөлшері былай артады:

  • бір бөлмелі пәтер үшін - шамамен 383 теңгеге;
  • екі бөлмелі пәтер үшін - 766 теңгеге;
  • үш бөлмелі пәтер үшін - айына шамамен 1 148 теңгеге.

"Астана-АЭК" өкілдері тарифтің негізгі бөлігін ішкі шығындар емес, электр энергиясын сатып алу және тасымалдау құрайтынын мәлімдеді. Тарифтің 41 пайызы электр қуатын сатып алуға, тағы 36 пайызы тасымалдауға тиесілі.

Бжұл ретте компания қызметкерлердің жалақысына жұмсалатын шығынның өскенін де атап өтті. Қазір тарифке енгізілген орташа жалақы 436,7 мың теңге, ал Астанадағы сала бойынша орташа жалақы 617 мың теңгеден асады.

Жаңа өтінімде "Астана-АЭК" жұмысшылардың орташа жалақысын 619,3 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынады. Компания мәліметінше, төмен жалақы әлеуметтік шиеленіс пен кадрлар тұрақсыздығына әкеп соқты - 2025 жылы бұл көрсеткіш 15,2 пайыз болды.

Сондай-ақ "Астана-АЭК" Астанада электр энергиясын тұтынушылар саны артып келе жатқанын хабарлады. Егер 2025 жылдың басында 536,5 мың келісімшарт жасалса, 2026 жылдың сәуіріне қарай олардың саны 603 мыңнан асқан. Өсім 12,4 пайыз болды.

Еске сала кетейік, Астанада электр энергиясы қымбаттайтыны туралы мамырдың басында, "Астана-АЭК" мекемесінің есеп беру кездесуінде айтыла бастаған болатын. Сол кезде алғашқы өсім биылғы маусымда болуы мүмкін делінген.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама