Астанада белгісіз ер адам қайғылы оқиға болған "Көркем-3" тұрғын үй кешенінің шатырына шығып алды. Жақында бұл жерде өрт болып, салдарынан үш бала қаза тапқан еді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Tengrinews.kz тілшісі полиция мен өрт сөндірушілерге хабарласты. Олар оқиға орнында жүр. Қазір ер адаммен келіссөздер жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Астана полиция департаменті кейінірек бүгін оларға көпқабатты тұрғын үйдің шатырында тұрған ер адам туралы хабар түскенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, ол елорданың 18 жастағы тұрғыны, болжам бойынша, секірмек болған.
"Оқиға орнында шұғыл қызметтер жұмыс істеді, психологтар тартылды. Полицейлер аумақты қоршауға алып, төменге үрлемелі құтқару жастығы қойылды", - деп хабарлады полиция.
Нәтижесінде жас жігіт шатырдан түсіріліп, қазір қауіпсіз жерде.
"Көркем-3" тұрғын үй кешеніндегі өрт
Астанадағы "Көркем-3" тұрғын үй кешеніндегі қайғылы оқиға 12 сәуірге қараған түні болды. Өрт Түркістан көшесіндегі 21 қабатты үйдің 15-қабатындағы пәтерден басталған. Пәтерден үш баланың денесі табылды.
Өрт сөндірушілер пәтерде болған әйелді аман алып қалды, күйік шалған ол ауруханаға жатқызылды. Үйдің жоғарғы қабаттарынан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетінше шығып үлгерген. Балалардың өліміне қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Өрттен кейінгі күні Астананың денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен әйелдің №1 көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Сол уақытта ол жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде жатты, оның жағдайы ауыр деп бағаланды.
Кейін Tengrinews.kz осы қайғылы оқиғада үш баласынан айырылған әйел есін жиғанын, алайда алған күйіктеріне, тыныс алу жолдарының зақымдануына және интоксикацияға байланысты әлі де жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады. Науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Қайғылы оқиғадан кейін тұрғын үй кешендерінің аулаларына арнайы қызметтердің кіруін ұйымдастыру мәселесі бөлек талқыға түсті. Астана ТЖД мәліметінше, өрт сөндірушілер жеткен кезде пәтер толықтай жанып жатқан, есігі жабық болғандықтан, құтқарушыларға оны құралдармен бұзуға тура келген. Бұл ретте, құтқарушылардың дерегінше, аулаға кіреберіс темір қақпамен жабылып, ауланың іші автокөліктерге толы болған.
Әлеуметтік желілерде куәгерлердің айтуынша өрт сөндірушілердің өтуіне кедергі келтірген автокөлік талқылана бастады. Кейін полиция жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. ТЖМ автокөлік аулаға техниканың кіруіне кедергі келтіргенін, бірақ өрт сөндірушілердің негізгі іс-қимылдарына бөгет болмағанын мәлімдеді.