ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 03 шілде 2026 13:28
Астанада жүргізуші едені тесік автобуспен жолаушы тасымалдағаны үшін жазаланды
Астанада бағыттық автобус жүргізушісі көлік едендегі тесікпен жүргені үшін жазаланды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне елордалық полиция департаменті хабарлады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде автобус жолаушыларының бірі түсірген бейнежазба тарап кетті. Ол едендегі үңірейген тесікті видеоға түсіріп алған.
Полиция мәліметінше, Iveco маркалы автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ желіге техникалық ақауы бар көлікті шығарғаны үшін автопарк жауапкершілікке тартылды.
Автобус желіден алынып, ақауды жоюға жіберілді.
"Қалалық бағыттық автобустарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция департаменті тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар, соның ішінде олардың желіге техникалық жарамды күйде шығуын бақылау жұмыстарын жүргізеді", - деп толықтырды полиция департаменті.
Мамырда осыған ұқсас жағдай Шымкентте болған еді, едені тесік автобус паркте тұрмай, жолаушылар тасымалдаған. Видео астындағы пікірлерде қазақстандықтар едендегі инновациялық желдету жүйесі мен телепорт туралы әзілдеген. Ал кейбіреулері 90-жылдардағы қоғамдық көлікті еске алды.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу