Астанадағы "Юбилейный" бағбандық қоғамдастықтың үйлерін еріген қардың суы басты. Ол жерден 21 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
"Сейсенбі, сәуірдің 1-і күні Астанадағы "Юбилейный" бағбандық қоғамдастықтың үйлерінен 21 адам, олардың ішінде 13 бала басқа жерге көшірілді. Зардап шеккен азаматтар жоқ", - делінген ресми хабарламада.
Айта кеткен жөн, күні кеше "Қазгидромет" қызметі Есіл өзенінің деңгейі көтеріліп келе жатқанын ескерткен болатын. Соның салдарынан сәуірдің 1-3 аралығында Ақмола облысы Аршалы ауданының Тургеневка ауылын су басып қалуы мүмкін. Ал Қарағанды облысында өзен сулары деңгейінің көтерілуі Киевка, Шешенқара және Балықты елді мекендеріне қауіп төндіріп тұр.