Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) станцияларында атауы жазылған алғашқы навигациялық белгілер пайда бола бастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Желінің кейбір учаскелерінде станция атаулары көрсетілген тақтайшалар орнатылды. Атап айтқанда, Abu Dhabi Plaza көпфункционалды кешені маңындағы станцияға "Бәйтерек" атауы берілгені белгілі болды.
Фото: Tengrinews.kz
Орнатылған конструкцияларға қарағанда, бұл - жүйені іске қосу алдындағы дайындық кезеңі: нысандарда инфрақұрылым элементтерін монтаждау және станцияларды безендіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар "Сығанақ" станциясында LRT жолаушыларына бағыт-бағдар беруге арналған навигациялық баған орнатылған.
Фото: әлеуметтік желіден скриншот
Қосымша мәлімет алу үшін Tengrinews.kz редакциясы City Transportation Systems (CTS) компаниясының баспасөз қызметіне жүгінді.
Айта кетейік, желі бойында қаланың басты іскерлік орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтетін барлығы 18 станция болады.
LRT-ны сынақтан өткізу 2025 жылдың 29 қыркүйегінде басталған және ол кемінде 6 айға созылуы тиіс еді. Бұған дейін CTS пойыздардың сағатына 40–50 шақырым жылдамдықпен қатынайтынын, "Нұрлы жол" станциясынан әуежайға дейінгі жол шамамен 40 минутты алатынын, ал қозғалыс аралығы учаскеге байланысты 5 минуттан 10 минутқа дейін болатынын мәлімдеген болатын.