Астаналық әйел 60 танысын жарты миллиард теңгеге алдап кеткен

Астаналық әйел 60 танысын жарты миллиард теңгеге алдап кеткен Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Астанада бірнеше мәрте алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған әйелге қатысты үкім шықты. Прокуратураның мәліметінше, 60-тан астам адам зардап шегіп, жалпы шығын 500 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі елордалық прокуратураға сілтеме жасап.

Тұрғын үй мен төлемақы алуға көмектесуге уәде берген

Прокуратура таратқан ақпарат бойынша, әйел жәбірленушілердің көбін жеке танитынын пайдаланған. Олардың арасында көршілері, достары мен ескі таныстары болған.

Жарнама
Жарнама

Ол "таныстары" арқылы ипотеканы тез рәсімдеп, пәтер алуға көмектесетініне немесе декреттік төлемдердің көлемін арттырып беретініне адамдарды сендірген. Осы сылтаулармен ол ақша алып, несие рәсімдеткен, тіпті өз жылжымайтын мүліктерін кепілге қоюды сұраған.

Тергеу нұсқасы бойынша, қаражатты алғаннан кейін әйел оны өз қалауынша жұмсаған.

Адамдар несие мен қарызға батқан

Бір жағдайда жәбірленуші өзінің екі бөлмелі пәтерін кепілге қойып, банктен 16 миллион теңге несие алған. Әйел несиені өзі төлейтінін және үш бөлмелі пәтер алуға көмектесетінін айтып уәде берген.

Бастапқыда ол шынымен де бірнеше рет төлем жасаған, бірақ кейін төлеуді тоқтатып, байланысқа шықпай қойған. Соның салдарынан жәбірленушіге 9 миллион теңгеден астам шығын келген.

Тағы бір жағдайда айыпталушы жәбірленушілердің бірінің жұбайына декреттік төлемді көбейтуге көмектесуге уәде беріп, 5 миллион теңгеден астам қаражат алған. Бұл ақшаны да ол иемденіп кеткен.

Сот үкім шығарды

Прокуратура мәліметінше, жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 500 миллион теңгеден асты. Сот процесі кезінде сотталушы кінәсін ішінара мойындап, тек кейбір эпизодтар бойынша ғана өкініш білдірген.

"Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап арыздары қанағаттандырылды", - деп хабарлады прокуратура.

Үкім заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтөбеде де осыған ұқсас схема әшкереленді. Онда 46 жастағы әйел үш бөлмелі пәтерді үстеме ақымен кішігірім баспанаға айырбастау туралы хабарландырулар берген. Тергеу мәліметінше, ол 17 адамнан ақша алған, бірақ уәде етілген мәмілелер жасалмаған. Күдіктіге қатысты алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама