Атырау облысында қаза тапқан ерлі-зайыптының өлімі бойынша күдікті - екі адам. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Санжар Әділовтің айтуынша, екі күдіктіні Индонезиядан Қазақстанға экстрадициялау туралы мәселе шешілген.
"Олар жақын арада Қазақстанға жеткізіледі. Оларды осы айда әкелеміз. Басқа елдердегі әріптестерімізбен келу бағыттарын пысықтадық", - деді ол.
Айта кетейік, 24 ақпанда ҚР ІІМ күдіктіні Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Іс бойынша, ерлі-зайыпты күдікті мәртебесінде екені айтылды.
Мән-жайы
Сұмдық қылмыс Жангелдин ауылында болған. Онда өткен күзде бүтін бір отбасы түгелдей жоғалып кеткен. Қаңтардың басында олардың үйіндегі қорадан зейнеткер ерлі-зайыпты өлі табылды. Ал олардың 33 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызы әлі күнге дейін табылған жоқ.
Марқұмдардың туыстары 66 жастағы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы қаза тапқаннан кейін де олардан аудиохабарламалар алып отырғандарын айтты. Сондықтан ешқандай күдік те туындамаған көрінеді.
Марқұмның інісі Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, ерлі-зайыпты өмірден өткен болуы мүмкін деген күннен кейін де отбасылық чаттарға хабарламалар келіп тұрған. Осындай аудиохабарламалардың бірі 7 қарашада келген. Бірақ жақындары бұл уақытта ерлі-зайыпты қайтыс болғанына сенімді.
Тек 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына қала тұрғынынан ағасы мен оның отбасы бір айдан аса уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз түскен.
6 қаңтарда ерлі-зайыпты өлі табылды. Кейін Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Бұл оқиғаға өзге де адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Сұлтан Сәрсемалиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелген. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысының Полиция департаменті жүргізеді.
Атырау облыстық Полиция департаменті күдіктіге халықаралық іздеуге жарияланғанын мәлімдеді. Күдіктінің әйелі, яғни жоғалған Мұқанғалиевтер әулетінің кенже қызы Ақбаянды да халықаралық деңгейде іздеу басталған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!