Атырау облысында жоғалып кеткен аңшыны іздеу жұмыстары аяқталды. Ол бесінші күні өлі табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД мәліметінше, 19 желтоқсанда шамамен сағат 15:10-да іздестіру тобы Каспий теңізі жағалауына жақын орналасқан "Ботақан" кен орны аумағындағы қамыс арасынан жоғалып кеткен ер адамның мәйітін тапқан. Қосымша мәліметтер хабарланбады.
Полиция департаменті қазіргі уақытта тиісті тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Еске салайық, 1964 жылы туған ер адам 14 желтоқсанда аңға кетіп, Атырау облысындағы "Ботақан" кен орны маңында хабар-ошарсыз кеткен. Аталған аумақ Құлсары қаласынан 65 шақырым, Атырау қаласынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан.
Ер адамның жоғалып кеткені туралы жазбаны әлеуметтік желілерде отбасының таныстары жариялаған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!