Атырау қаласында көрнекті ақын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің авторы Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Атырау облысы мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен іс- шараға зиялы қауым өкілдері мен оқушылар қатысты.
Жұмекен Нәжімеденов атындағы №2 орта мектептің оқушылары ақынның "Алыста мұнарланған тау шыңдары", "Шіркін, сөз-ай, құдіретті ең сен неткен!", "Салқындап саясында самал көлдің" атты өлеңдерін оқып, ұлы жерлестеріне деген құрметтерін білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өз сөзінде ақын шығармашылығының ерекшелігін атап өтті:
"Кейде Жұмекеннің шығармаларын жұмбақ дейді. Шын мәнінде, олар жұмбақ емес, терең мағыналы, философиялық, ой жүгіртуді қажет ететін дүниелер", — деді ол.
Салтанатты шара соңында ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова әкесінің рухына құрмет көрсетіп келген барша азаматтарға алғысын білдірді.