Атырауда теріс ілінген тудың суреттері әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Атырау тұрғындары бұл жағдайға ашуланып, оқиғаны мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік деп атады. Куәгерлердің айтуынша, ту бірнеше сағат бойы сол күйінде ілініп тұрған.
Әлеуметтік желілердегі қызу талқылаудан кейін ту алынып, қайта ілінген. Бірақ қолданушылар салғырттыққа жол бергендерді анықтап, жауапқа тартуды талап етті.
Кейін бұл жағдайға қатысты Атырау әкімдігі пікір білдірді.
"17 қазанда ту көтеру кезінде мердігер ұйымның қызметкерлері техникалық қателік жіберген, ту кері жағымен ілінген. Заңбұзушылық жедел анықталып, ту талаптарға сай ілінді", - деп хабарлады ведомство.
Әкімдік мәліметінше, мердігер ұйымның қызметкері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 458-бабы (Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Аталған бапқа сәйкес, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 50 айлық есептік көрсеткіш (184 600 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Туды теріс ілген қызметкерге дәл осы жаза қолданылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!