2025 жылғы қарашада Қазақстанның басым бөлігінде жылы ауа райы тіркелді. "Қазгидромет" синоптиктері мәліметінше, елдің бірқатар өңірі мен қалаларында ондаған жылдар бойы сақталған температура рекордтары жаңарған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ең айқын жылы ауа райы қарашаның екінші жартысында байқалған. Ақтөбеде 14 қарашада ауа температурасы +13,2 градусқа жетіп, 2023 жылғы рекордтан асып түсті. Келесі күні мұнда тағы бір рекорд орнап, күндізгі температура +11,4 градус болды. Солтүстік өңірлерде де ауа райы әдеттегіден жылы болды: Көкшетауда 19 қарашада +8,3 градус, ал 23 қарашада +5,2 градус тіркеліп, бұрынғы көрсеткіштерден жоғары нәтиже көрсетті.
Жезқазғанда үш күн қатарынан жаңа температуралық рекорд орнады - 24–26 қараша аралығында ауа температурасы +10…+13 градусқа дейін көтерілді. Қарағандыда 26 қарашада +9,4 градус тіркеліп, 1971 жылғы рекордтан айтарлықтай асып түсті.
Қарашада ауа массаларының жиі ауысуына байланысты қолайсыз метеожағдайлар да байқалды. Елдің жекелеген аймақтарында жаңбыр мен қар жауып, тұман, көктайғақ және қатты жел тіркелді. Түркістан облысында 4 қарашада бір тәулікте айлық норманың үштен біріне жуық қар жауды. Жетісу облысында желдің жылдамдығы секундына 36 метрге дейін жетсе, Батыс Қазақстан облысында 15 қарашада көріну қашықтығы 50 метрге дейін төмендеді. Қостанай облысында бір күнде айлық жауын-шашын мөлшерінің жартысына жуығы жауды.
Астанада қарашадағы орташа ауа температурасы +0,3 градус болып, климаттық нормадан 5,5 градусқа жоғары болды. Ай ішіндегі ең төменгі температура -12,3 градус (4 қараша) болса, ең жоғары көрсеткіш +7,8 градус 26 қарашада тіркелді. Сонымен қатар, елордада жауын-шашын мөлшері нормадан едәуір асып, бір айда 63 мм немесе көпжылдық көрсеткіштің 217 пайызы жауды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!