ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі медициналық бұйымдарға қатысты ауқымды схеманы әшкереледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, "OrdaMed" АҚ басшылығы Қазақстан аумағында өз өндірісі бар екені туралы жалған құжаттарды пайдалана отырып, халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын қамтамасыз ету үшін аса қажет 28 медициналық жабдықты мемлекеттік емдеу мекемелеріне жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз преференциялар алған. Алайда іс жүзінде дайын медициналық жабдық шетелден жеткізілген.
Салдарынан мемлекетке 4,5 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген.
"Тінту шаралары барысында "OrdaMed" АҚ басшылығынан құны 1 миллиард теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді, Interdentica, Erkin Brand және OrdaMed компанияларындағы қатысу үлестеріне тыйым салынған. Сот санкциясымен "OrdaMed" АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды", - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!