Айыппұлдар және жүргізуші куәлігі: қазақстандықтарға электрвелосипедпен қалай жүру керек екені түсіндірілді

Айыппұлдар және жүргізуші куәлігі: қазақстандықтарға электрвелосипедпен қалай жүру керек екені түсіндірілді Фото © Tengrinews.kz

Қазақстандықтар жаяу жүргіншілерге қауіп төндіріп, тротуармен жүретін мопедтер мен электрвелосипедтерге жиі шағымдана бастады. Наразылықтың күшеюіне байланысты Tengrinews.kz жағдайды анықтау үшін Астана қалалық полиция департаментіне сауал жолдады. Бізге моторлы көліктердің тротуармен жүруі заңды ма, оларға мемлекеттік нөмір қажет пе және қандай жағдайда тәркіленетіні туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Қазақстандықтар жаяу жүргіншілерге қауіп төндіріп, тротуармен жүретін мопедтер мен электрвелосипедтерге жиі шағымдана бастады. Наразылықтың күшеюіне байланысты Tengrinews.kz жағдайды анықтау үшін Астана қалалық полиция департаментіне сауал жолдады. Бізге моторлы көліктердің тротуармен жүруі заңды ма, оларға мемлекеттік нөмір қажет пе және қандай жағдайда тәркіленетіні туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Не болды?

Редакцияның Telegram-ботына астаналық курьерлерден өтініш келіп түсті. Олардың айтуынша, полиция қызметкерлері жұмыс кезінде жеткізу қызметінің мамандарын тоқтатып, мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің жоқтығына байланысты көлік құралдарын тәркілеп, әкімшілік материалдар рәсімдеген.

Жарнама
Жарнама

Өтініш авторларының пайымдауынша, әңгіме электрвелосипедтер туралы болып отыр, ал қолданыстағы тіркеу жүйесі олар үшін мемлекеттік нөмір беруді қарастырмайды.

Сондай-ақ курьерлер өздері пайдаланатын көліктің қозғалтқыш қуаты 240 Вт және жылдамдық шектеуі сағатына 25 шақырымға дейін екенін атап өтті.

"Біз бұл велосипедтерді жалға аламыз және олар үшін апта сайын ақы төлейміз. Жол қозғалысы ережелерін толық сақтаймыз, тротуармен жүреміз, өйткені заң бойынша тротуар болса, жолдың жиегімен жүруге болмайды. Шлем мен жарық шағылыстыратын жилет киеміз. Күніне 12–14 сағат жұмыс істейміз, себебі әр жеткізілімге аз төленеді - табысымызды осылай жинаймыз. (...) Мәселе полиция қызметкерлерінің өздері жағдайды толық түсінбейтіндігінде. Оларға нұсқау берілді - олар бәрін жаппай айыппұл тұрағына алып кетеді, тіпті себебін де әрдайым түсіндіріп бере алмайды", - делінген олардың өтінішінде.

Сонымен қатар курьерлер алдымен құқықтық олқылықтарды жойып, толыққанды тіркеу жүйесін іске қосу қажеттігін атап өтті.

"Егер көлік расымен де сағатына 50–60 шақырым жылдамдықтан асса, онда оны мопедке теңестіруге болады. Бірақ алдымен заңды нақты жазып, Арнайы ХҚКО арқылы тіркеу жүйесін дайындау керек", - деп жазды курьерлер.

Мопед және электрвелосипед деп нені атайды?

Полиция ақпаратынша, заңға сәйкес мопед - бұл қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі іштен жану қозғалтқышымен немесе қуаты 4 кВт-қа дейінгі электр қозғалтқышымен жабдықталған, ең жоғары жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын екі немесе үш дөңгелекті көлік құралы.

Анықтама: Сондай-ақ мопедтерге мокиктер, скутерлер және осыған ұқсас техникалық сипаттамалары бар басқа да механикалық көлік құралдары теңестіріледі.

Техникалық регламентке сәйкес, L1 санатына мопедтер, мотовелосипедтер және мокиктер жатады.

Анықтама: Негізгі критерийлер - ең жоғары конструктивті жылдамдығы сағатына 50 шақырымға дейін, іштен жану қозғалтқышының көлемі 50 текше сантиметрден аспайды немесе электр қозғалтқышының қуаты 4 кВт-қа дейін болуы тиіс.

Мотовелосипед - бұл іштен жану қозғалтқышымен немесе электр қозғалтқышымен жабдықталған велосипед. Техникалық сипаттамаларына байланысты мұндай көлік мопедтер санатына жатуы мүмкін.

Электрвелосипед - бұл электр қозғалтқышы бар велосипед. Техникалық сипаттамаларына байланысты мұндай көлік әртүрлі санаттарға кіруі мүмкін. Алматы қалалық ПД бұған дейін қуаты 250 Вт-тан асатын және ең жоғары жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан асатын модельдер мопедтерге теңестірілетінін түсіндірген болатын.

Анықтама: 2025 жылғы тамызда Алматы қаласының Полиция департаменті көптеген заманауи электрвелосипедтің қуаты 400 Вт-тан асатынын және сағатына 40-45 шақырымға дейін жылдамдық алатынын атап өтті. Бұл сипаттамалар заңнамада белгіленген шекті мәндерден асатындықтан, мұндай көлік құралдары мопедтер санатына жатқызылады.

Астана қалалық ПД бізге көлік санатын анықтау кезінде тек жылдамдық қана емес, техникалық сипаттамалардың жиынтығы да ескерілетінін түсіндірді. Сондықтан талаптар ең жоғары жылдамдығы сағатына 10, 20, 30 немесе 40 шақырымды құрайтын жекелеген көлік құралдарына да қолданылуы мүмкін.

Өткен аптада Мәжіліс екінші оқылымда цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол қозғалысы және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша заң қабылдады. Өзгерістер электрвелосипедтерге де қатысты. Жаңа түзетулер оларды тіркеу мен пайдалануды реттейтін нормаларды нақтылауға және жүйелеуге бағытталған.

Фото © Tengrinews.kz

Тіркеу қажет пе?

Полиция заң бойынша механикалық көлік құралдары, соның ішінде мопедтер мен оларға теңестірілген мотовелосипедтер міндетті мемлекеттік тіркеуге жататынын еске салды. Ол үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін және көлік құралын тіркеу туралы куәлікті алу қажет.

Анықтама: Жоғарыда айтылғандай, L1 санатына мопедтер, мотовелосипедтер және мокиктер жатады. Полицияның түсіндірмесіне сәйкес, егер көлік құралы мопедтің белгіленген техникалық сипаттамаларына сәйкес келсе, оған тіркеу және жүргізуші куәлігінің болуы туралы талаптар қолданылады.

Тіркеуден арнайы ХҚКО-да келесі құжаттарды ұсыну арқылы өтуге болады:

  • жеке басты куәландыратын құжат (электрондық түрде де болады);
  • техникалық құжат немесе к/қ техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер;
  • өтініш, тексеру актісі;
  • мемлекеттік баж төлеу:

- тіркеу үшін - 0,25 АЕК (1 081 теңге),
- тіркеу туралы куәлік бергені үшін - 1,25 АЕК (5 406 теңге),
- мемлекеттік нөмір бергені үшін - 1,4 АЕК (6 055 теңге).

Айыппұлдар мен эвакуация

Көлік құралын тіркемегені үшін жүргізушіге 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Бұған қоса, көлік айыппұл тұрағына жөнелтілуі ықтимал.

"Пайдалануға тыйым салу, яғни көлік құралын арнайы тұраққа қою Кодекстің 797-бабында қарастырылған тәртіппен, белгіленген нысандағы актіні жасау арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте эвакуациялау және арнайы тұраққа қою кезінде аталған процедураларды хаттама толтырмай-ақ жүзеге асыруға тыйым салынбайды. Хаттама көлікті қайтарып алу үшін полиция органдарына барған кезде толтырылуы мүмкін", - деп түсіндірді полиция.

Басқаша айтқанда, көлік құралын бірден алып қойып, әкімшілік құжаттарды кейінірек ресімдеуге болады және бұл инспектор тарапынан жасалған заңбұзушылық болып саналмайды.

Фото © Tengrinews.kz

Жүргізуші куәлігі қажет пе?

Полиция техникалық сипаттамалары бойынша осы санатқа жатқызылған мопедтер мен мотовелосипедтерді басқару үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігі қажет екенін еске салды. Бұл ретте А немесе В санаттары бар жүргізушілерге қосымша А1 санатын алудың қажеті жоқ.

"Мото және электрвелосипед жүргізушілерінің де жүргізуші куәлігі болуы тиіс", - деп хабарлады ПД.

Ескерту: Сөз техникалық сипаттамалары бойынша мопедтерге жататын және мемлекеттік тіркеуге жататын мотовелосипедтер мен басқа да көлік құралдары туралы болып отыр.

Тротуармен жүруге бола ма?

Полиция жол жүрісі қағидалары барлық қатысушыларға, соның ішінде мопед пен электровелосипед жүргізушілеріне де ортақ екенін атап өтті.

Қозғалтқышы бар велосипедтермен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге тыйым салынады.

Ведомство өкілдері: ЖЖҚ-ға сәйкес, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, тротуарлармен тек қозғалтқышы жоқ велосипедтер ғана жүре алатынын түсіндірді.

Қай жерде жүруге болады?

Полицияның мәліметінше, "Жол жүрісі туралы" Заңның 57-бабына сәйкес, мопедтер (мотовелосипедтер) жүру бөлігінің оң жақ шетімен бір қатарда, соның ішінде қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүруге құқылы.

Еске сала кетейік, 28 мамырда Қазақстанда жол жүрісі қауіпсіздігі бойынша жаңа түзетулер қабылданды. Негізгі өзгерістердің бірі – электрвелосипедтерді міндетті түрде тіркеу болмақ.

Бұған дейін Ішкі істер министрі Ержан Сәденов электрвелосипедтердің мопедтерге теңестірілетінін мәлімдеген болатын.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама