Балаға үйден тыс жерде жасалған зорлық-зомбылықты қалай анықтауға болады: психолог кеңесі

Балаға үйден тыс жерде жасалған зорлық-зомбылықты қалай анықтауға болады: психолог кеңесі Видеодан алынған кадр

Соңғы кездері Қазақстанда түзету орталықтарындағы қызметкерлер тарапынан тәрбиеленушілерге қатыгездік көрсету деректері белгілі болды. Мәселе мынада, балалар көбіне болған жайтты айта алмайды немесе айтуға қорқады, ал сұмдық жағдайлар денеде көгеру мен сызат пайда болғаннан кейін ғана ашылып жатады. Психолог Жанна Петрова баланың сыртта жәбір көріп жүргенін зардап шекпей тұрып қалай түсінуге болатынын және мұндай жағдайда ата-аналар не істеуі керек екенін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Соңғы кездері Қазақстанда түзету орталықтарындағы қызметкерлер тарапынан тәрбиеленушілерге қатыгездік көрсету деректері белгілі болды. Мәселе мынада, балалар көбіне болған жайтты айта алмайды немесе айтуға қорқады, ал сұмдық жағдайлар денеде көгеру мен сызат пайда болғаннан кейін ғана ашылып жатады. Психолог Жанна Петрова баланың сыртта жәбір көріп жүргенін зардап шекпей тұрып қалай түсінуге болатынын және мұндай жағдайда ата-аналар не істеуі керек екенін айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бір айда үш резонанс тудырған іс болды

Бірінші оқиға

Реклама
Реклама

Жақында Алматы облысындағы ерекше балаларға арналған орталықта жаға ұстатарлық оқиға болды. Баланың анасы әлеуметтік желіде жазба жариялап, ондағы балаларға деген қарым-қатынасқа наразылығын білдірді.

"Осы орталықтағы алғашқы айларды еске алсам, ұлым үйге үнемі денесі көгеріп, сырылып келетін. Ол кезде мені бұл кездейсоқ жағдай, топтық сабақ кезінде басқа бала кенет қозғалып қалып, ұлым қабырғаға соғылып қалды деп сендірді. Күмәнданбай, сенуімді өтінді!

Тағы бір жағдайда арқасы мен қолындағы жарақаттарға бассейндегі пластик қорғаныс арқаны себеп болғанын, бала жүзуді үйрену кезінде жарақат алғанын айтты. Бейнежазбаларды сұратқанымда, камералардың барлық жерде жоқ екенін айтып, алаңдамауымды өтінді. Орталық басшылығының сөзіне сеніп, сол кезде істі соңына дейін тексеруді талап етпегеніме өзіме-өзім ашуланамын", - деп жазды әйел өз жазбасында.

Оның айтуынша, соңғы рет бала орталықтан қолынан жарақат алып келіп, қолын қозғалта алмаған. Сол кезде әйел орталыққа қайта барып, бұл жолы басшылықтан бейнежазбаларды көрсетуді талап етіп, мақсатына жеткен.

"Ересек ер адам, орталық қызметкерінің ұлымның білегін қалай қайырып жатқанын, ал кейінірек басқа қызметкердің оны дәретханаға күштеп кіргізу үшін қолынан сүйреп бара жатқанын көрдім. Мұндай дөрекі қарым-қатынас пен мәжбүрлеудің себебі туралы басшылықтан ешқандай түсініктеме алған жоқпын.

Ұлымның дәретханаға кіруден қалай қорыққанын, қарсыласқанын көрдім. Дәретханада камера орнатылмаған, яғни ұрып-соққан жағдайда ешкім білмейді және ештеңе дәлелдей алмайды, содан емес пе екен? Сондай-ақ басқа бейнежазбалардан оның кейбір қызметкерлерден қорыққаны анық көрініп тұр", - деп сипаттайды ол болған жайтты.

Фото: әлеуметтік желіден алынған

Осыдан кейін баланың анасы полицияға арыз түсірген. Оның айтуынша, тергеудің жүріп жатқанына төрт ай болыпты.

Біз пікір алу үшін Алматы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарластық. Стандартты жазбаша жауап алдық:

"Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу және тексеру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр. Тергеу аясында ата-аналар айтқан уәждер мұқият тексеріліп, оңалту орталығының бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделенеді".

Екінші оқиға

Тағы бір оқиға Алматыдағы түзету орталығында болған. Жаттықтырушының баланың қолын қайырып жатқан бейнежазбасы жарияланғаннан кейін үлкен жанжал шықты.

Ата-аналар зорлық-зомбылықтың жүйелі сипатта екенін, кейбір балалардың сөйлеу қабілеті бұзылуына байланысты болған жайтты хабарлай алмағанын айтты.

Видеодан алынған кадр

Сондай-ақ камераларға түсіп қалған басқа да агрессия эпизодтары туралы хабарланды. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу бастады. Кейінірек жаттықтырушы ұсталды.

Үшінші оқиға

Әлеуметтік желілерде Ақтаудан бейнежазба тарады, онда орталық жаттықтырушысының тәрбиеленушілермен қалай жұмыс жүргізіп жатқаны көрінеді. Жарияланған кадрларда бірнеше бала шағын бөлмеде шеңбер бойымен жүгіріп жүреді. Бір сәтте ер адам еденде жатқан баланы ұстап алып, оны теуіп жібергені байқалады.

Видеодан алынған кадр

Спорт залындағы жазбаларды көрген зардап шеккен баланың анасы құқық қорғау органдарына жүгінді. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осыдан кейін Балалардың құқықтарын қорғау комитеті орталықтың жабылғанын хабарлады.

Балалар неге айтпайды?

Түзету орталықтары мен секцияларда балаларға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының жиілеуіне байланысты психолог Жанна Петрова басты мәселелердің бірі - балалардың болған жайтты әрдайым айтып бере алмауында немесе айтуға дайын еместігінде екенін атап өтті.

"Бала көбіне өзі өскен ортадағы "үлкендікі әрқашан дұрыс", "мұғалім жақсы біледі", "шағымдануға болмайды" деген қағидаларға байланысты үндемейді. Бұған сенбейді, жазалайды немесе бұдан да жаман болады деген қорқынышты қосыңыз - сонда тұйық шеңбер пайда болады", - деді маман.

Оның айтуынша, сондай-ақ балалар ата-анасын ренжітіп алудан немесе "өзің кінәлісің", "ештеңе етпес" деген сөздерді естуден қорқуы мүмкін.

"Әсіресе ерекше даму қажеттіліктері бар балалар өте осал келеді. Оларда қосымша кедергілер бар: сезімдерін білдіру, эмоцияларды тану қиынға соғады, олар ересектерге көбірек тәуелді және үйреншікті ортасын жоғалтудан қорқады. Кейде бала өзіне не болып жатқанын түсіндіріп бере алмайды", - деді психолог.

Бұл ретте бала өзіне дұрыс қарамай жатқанын әрдайым сезе де бермейді.

"Егер баланың жеке шекарасы туралы түсінігі болмаса, ол болып жатқан жағдайды қалыпты нәрсе ретінде қабылдауы мүмкін", - деп түсіндіреді Жанна Петрова.

Психологтың пікірінше, баланың мойындауына кедергі болатын басты факторлар - жазалану және жәбірлеушінің өш алуынан қорқу.

Баланың жәбір көріп жүргенін қалай түсінуге болады?

Жанна Петрованың айтуынша, ата-аналар үшін баланың мінез-құлқындағы кез келген өзгерісті мұқият қадағалау маңызды.

"Баланың психикасы әрдайым мінез-құлық арқылы белгі береді. Бұл үрей, ашушаңдық, сабаққа барудан бас тарту, ұйқының немесе тәбеттің бұзылуы, сүйікті істеріне деген қызығушылықтың жоғалуы болуы мүмкін", - дейді психолог.

Ол сондай-ақ эмоционалдық өзгерістер де дабыл сигналы болуы мүмкін екенін айтады:

"Бала себепсіз жиі жылай бастауы, агрессивті болуы немесе керісінше, ұйықталып қалуы мүмкін".

Физикалық белгілерді де назардан тыс қалдырмаған жөн:

"Көгеру, сызат, сабақ алдында басының немесе ішінің ауыратынына жиі шағымдануы - бұл да белгі болуы мүмкін", - деп толықтырды сарапшы.

Бұл ретте ол ерекше даму қажеттіліктері бар балалар үшін өзіндік белгілер тән екенін айтты.

"Олар нақты бір адамнан немесе жерден қашуы мүмкін, кенеттен қорқыныш немесе агрессия пайда болады. Егер бала бұрын қуана баратын жеріне барудан бас тартса, бұл әрдайым мәселенің мән-жайын анықтауға себеп болады. Бұл жай ғана нашар көңіл-күй де, нақты қорқыныш та болуы мүмкін", - деп түсіндіреді маман.

Психолог сонымен қатар ата-аналарға баланың сабақтан кейінгі күйіне жіті назар аударуға кеңес береді.

"Егер бала мазасызданып оралса, сабақ туралы айтқысы келмесе немесе нақты бір адам туралы әңгімеден қашса, ата-аналар сақ болуы керек. Кейде балалар ашық түрде: "Мен ол жаққа барғым келмейді", "Ол қатал", "Маған ол жер ұнамайды" дейді немесе ашуғы булығады", - деді психолог.

Баламен қалай сөйлесу керек?

Петрованың айтуынша, егер ата-анада баланың сыртта жәбір көруі мүмкін деген күдік туса, бастысы оның тұйықталып қалмауы үшін әңгімені дұрыс жүргізу.

"Мұндай жағдайда баламен барынша абайлап сөйлесу маңызды. Ең бастысы - қауіпсіздік сезімін тудыру. "Сенің көңіл-күйің жоқ екенін көріп тұрмын, не болғанын айтқың келе ме?" деп жаймен сұрау керек", - деп мысал келтіреді психолог.

Маман "Өзің кінәлі емессің бе?" немесе "Мұны өзің ойдан шығарып отырған жоқсың ба?" деген сияқты айыптау сұрақтарын қоймау қажеттігін ескертеді.

"Мұндайдан кейін балалар тұйықталып қалады", - деді ол.

Егер балаға даму ерекшеліктеріне байланысты сөйлеу қиын болса, шындықты білуге әңгімелесудің баламалы әдістері көмектеседі.

"Қысқа сөйлемдерді қолданыңыз, жауап беруге уақыт беріңіз, эмоциялар карточкасын пайдаланыңыз. Сондай-ақ балалар өз уайымын көбіне ойын арқылы - суреттер, мүсіндер, ертегілер арқылы білдіреді", - деп түсіндіреді маман.

Психолог ата-аналардың қауіпті иллюзиядан бас тартуы маңызды екенін баса айтты:

"Менің баламда мұндай болуы мүмкін емес" немесе "үндемесе - демек бәрі дұрыс" деген сияқты ұстанымдар қате. Балалар айтқаннан көрі, үндемегенді жөн көреді", - деп ескертеді психолог.

Маман өз сөзіне дәлел ретінде жеке тәжірибесінен мысал келтірді:

"Маған танымал орталықтар бірінің жұмысын ішінен бақылаудың сәті түсті. Онда балалармен дайындығы жоқ қызметкерлер жұмыс істеп, дөрекі күш көрсетті: жылаған балаларды жұлқып көтеріп, айқайлап, балағаттап, олардың жай-күйіне мән бермеді. Ал ата-аналармен өте сыпайы сөйлесетін. Ең қорқыныштысы - бұл жағдайдың қанша уақыт бойы байқалмай келгені белгісіз".

Ата-аналар қандай қателік жібереді?

Петрова балалары жаттықтырушылар немесе педагогтер тарапынан физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған ата-аналардың жиі жіберетін қателіктері қатарында белгілерді елемеуін, балаға қысым көрсетуін және болып жатқан жайтты "тәрбие әдістерімен" ақтауға тырысуын атады.

"Кейде зорлық-зомбылықты "инновациялық әдістеме" деп бүркемелейді, ата-аналар бұған сенеді. Ішкі түйсікке құлақ асу, баланы бақылау және мүмкіндігінше фактілерді тіркеу маңызды. Егер зорлық-зомбылықтың айқын белгілері болса, бірден әрекет ету керек", - дейді психолог.

Тәуекелді қалай азайтуға болады?

Сұхбат соңында психолог ата-аналарға бала баратын секцияларды, орталықтар мен үйірмелерді мұқият таңдауға кеңес береді: пікірлерге сенбей, әдемі суреттер мен атақ-дәрежеге алданбай, бәрін жеке тексеру қажет.

"Қызметкерлердің біліктілігі, әдістемелері, бейнебақылау камераларының бар-жоғы туралы біліңіз. Оқытушылармен жеке танысыңыз", - деп кеңес берді Петрова.

Орталықтың жабық болуы, ата-аналардың қатысуына тыйым салынуы және сұрақтарға агрессивті жауап қайтаруы күмән тудыруы тиіс.

Күдік туындаған жағдайда полицияға, психологқа және тиісті органдарға хабарласыңыз - істі кейінге қалдырмаңыз.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Реклама
Реклама