Алматы полициясы соңғы қоңырау қарсаңында түлектердің ата-аналары мен мұғалімдерге үндеу жасады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Полиция не деді?
Алматы қалалық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев мереке күндері бақылаудан шығып кететін жағдайлардың жиі тіркелетінін атап өтті.
Оның айтуынша, бұл жерде қала сыртындағы үйлерді жалдау, ішімдік ішу, сондай-ақ автокөлікпен қауіпті сапарларға шығу және заңсыз кортеждер ұйымдастыру туралы сөз болып отыр.
"Жасөспірімдер әсерлі видео түсіру үшін жол қозғалысы ережелерін бұзғанда, бұл қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Біз күшейтілген режимде жұмыс істейміз, алайда ата-аналар мен педагогтердің қатысуынсыз қауіпсіздікті толықтай қамтамасыз ету мүмкін емес. Балаларды бақылаусыз қалдырмауды, автокөлікпен жүруге жол бермеуді және олармен үнемі байланыста болуды сұраймыз", - деді Ноғайбаев.
Полиция өкілдері негізгі міндет - ықтимал құқықбұзушылықтардың алдын алу және кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын қауіпті жағдайларды болдырмау екенін баса айтты.
Ведомство ата-аналар мен мұғалімдерді түлектермен мінез-құлық ережелерін алдын ала талқылауға шақырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарында мектеп бітіру кештерін өткізу ережелерін нақтылаған болатын. Атап айтқанда, мектеп бітіру кештерін мектептен тыс жерлерде өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ білім алушылардан, олардың ата-аналарынан немесе заңды өкілдерінен ақшалай қаражат пен кез келген басқа да материалдық құндылықтарды жинауға қатаң тыйым салынған.