ПОДЕЛИТЬСЯ
14 қараша 2020 | 15:34
Балаларымен қауыша алмай жүрген шетел азаматшасы Қазақстан билігінен көмек сұрады
23 жыл Сарыағаш қаласында тұрған Өзбекстан азаматы наурызда туған жеріне кеткен екен. Енді шекараны кері кесіп өте алмай жүр. Ал Қазақстанда қалған үш қызы жетімдер үйіне өтіп кетіпті. Балаларын 8 айдан бері көре алмай жүрген әйел енді жергілікті биліктен көмек сұрайды. Шымкенттегі үш қыздың тағдыры мен шетелде қалған анасы туралы КТК тілшісі хабарлады.
ПОДЕЛИТЬСЯ
23 жыл Сарыағаш қаласында тұрған Өзбекстан азаматы наурызда туған жеріне кеткен екен. Енді шекараны кері кесіп өте алмай жүр. Ал Қазақстанда қалған үш қызы жетімдер үйіне өтіп кетіпті. Балаларын 8 айдан бері көре алмай жүрген әйел енді жергілікті биліктен көмек сұрайды. Шымкенттегі үш қыздың тағдыры мен шетелде қалған анасы туралы КТК тілшісі хабарлады.
Баларымды көргім келеді деген бұл әйел - Елена Тен. 97-ші жылы ата-анасы және екі бауырымен Ташкенттен Қазақстанға көшіп келген. Бірақ, содан бері мектепте оқуға мүмкіндігі болмай, Сарыағаштың жылыжайларында жұмыс істеп жүре берген. Азаматтық алуға да өтініш бермепті. Қазір, 12, 5 және бір жасқа да толмаған 3 қызы бар.
Телеарна хабарлауынша, Өзбекстандық төлқұжатының мерзімі өтіп кеткен соң жаңартпақ мақсатта биыл наурызда Ташкентке барған. Артынша карантиннен шекара жабылып, өзі Өзбекстанда қыздары Қазақстанда қалып кеткен. Содан бері 38 жастағы әйел қыздарын сағынып шекара жағалап жүр.
Елена қыздардың үлкені мен ортаншысын өзі былтыр босанар кезде уақытша Шымкенттегі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына өткізіпті. Ал өзі Өзбекстанда қалып қойған соң танысына тапсырған кенжесі де бөбектер үйіне жөнелтілген. Қазір қыздардың жағдайы жақсы. Олар аптасына екі рет аналарымен видео қоңырау арқылы хабарласып тұрады.
"Сөйлескен кезде сағынады. Жылайды. Бір-бірін алып кетші деп сұрайды. Енді ол тек анасының қолында болмай тұр ғой. Қолында болса алып кетер еді. Бірақ байланыс бар. Сөйлесіп тұрады. Балалар анасын видео арқылы көріп тұрады", - деді Шымкент қаласындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы директорының уақытша міндетін атқарушы Назгүл Құрманәлиева.
Үш қыздың үлкені Виктория Өзбекстанда туғандықтан сол елдің туу туралы куәлігі бар. Ортаншысы 5 жасар Инганың құжат түгілі, нақты қай күні туғанын ешкім білмейді. Ал келесі айда бір жасқа толатын кенжесі Александраға бөбектер үйіне өткен соң ғана құжат жасалыпты. Анасы мен үш қыздың құжаттарын рәсімдеп, кездесуіне күш салып жүрген Сана сезім ұйымы Елена Тенге карантин кезінде Қазақстанға кіру үшін рұқсат беретін анықтаманы екі мәрте алдырып берген екен. Бірақ белгісіз себептермен Өзбекстан жағы өткізбей қойғанын айтады. Қазіргі басты мақсат қыздарды анасымен қосу дейді олар.
"Үш қыздың тек екеуінде ғана құжаты болғаны анасымен кездесуге қолбайлау болып тұр. Келесі апта ортаншы қыздың туу тегін анықтау бойынша сот отырысы болмақ. Соттың шешімімен ары қарай ортаншы қызы Ингаға құжат жасалса, анасымен жолықтыру қиынға түспес деп ойлаймыз", - деді "Сана сезім" қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Раушан Құдайшүкірова.
Ақпарат бойынша, үш қыздың құжаты түгенделсе, оларды Өзбекстандағы анасына өткізуге болады екен. Ары қарай сол елде қалады ма жоқ па ол өз қалауы. Бірақ Елена Тен Сана Сезім ұйымына Қазақстан азаматтығын алғысы келетінін айтқан екен. Анасы мен қыздары қауышып жатса, азаматтықты алу бойынша жұмыстар жасалады. Оның үстіне жастайынан қиындық көрген әйел мен тірі жетім жүрген қыздарға уақытша баспана беруге дайын азаматтар да шығып жатыр.
Дереккөз: КТК
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также