ПОДЕЛИТЬСЯ
29 тамыз 2023 | 12:34
"Балшыққа батып жүрміз": Қызылордалықтар көшелерді жөндеу жұмыстарына наразы
Қызылордада қалалық жолдарға белсенді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала тұрғындары әкімшіліктің көшелерді жөндеуге деген көзқарасына наразы. Олардың айтуынша, қалада жыл сайын белгілі жолдар ғана жақсарады, ал шын мәнінде жөндеуді қажет ететін басқа көшелер жылдар бойы жаңартылмайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Қызылордада қалалық жолдарға белсенді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала тұрғындары әкімшіліктің көшелерді жөндеуге деген көзқарасына наразы. Олардың айтуынша, қалада жыл сайын белгілі жолдар ғана жақсарады, ал шын мәнінде жөндеуді қажет ететін басқа көшелер жылдар бойы жаңартылмайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Махамбет ауылының тұрғыны Айдос Естаевтың айтуынша, тұратын көшесінің жолдары жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
"Біз Ақмырзаев пен Баттал көшелерінің қиылысында тұрамыз. Жолдарымыз қорқынышты. Мектепке апаратын қалыпты тротуарлар жоқ. Әсіресе жаңбырда қиын, балшыққа батып жүреміз. Балаларға жаңа аяқ киім сатып алуға үлгермейміз, тез тозып кетеді. Менің мектепте оқитын 4 балам бар. Неге жағдайы жақсы, ескірмеген орталық көшелер жөнделеді де, ал біздікі жоқ?"- дейді ер адам.
Tengrinews тілшісі облыс орталығының кейбір көшелерін аралап, қалада қанша көше жөндеуді қажет ететінін анықтады.
"Соңғы кезде қалада көптеген көше әлдеқайда жақсарған. Тіпті шет бөліктері де, бірақ жаңартуды талап ететін жолдар әлі де көп. Мысалы, Тасбөгет кентінде, Махамбет ауылында, Наурыз кентінде, сондай-ақ Шанхай ауданы және басқаларында", - дейді өзін Нұрлан деп таныстырған такси жүргізушісі.
Тасбөгет кентіндегі Оразбаев пен Махамбетов көшелерінің кей жерлері бүлінген, жүру үшін жүргізушілер түрлі маневр жасауы керек. Махамбет кентінде Низагараев көшесі, Наурыз кентінде - Табынбай Қаратаев көшесі, Коммунизм ауданында - Кенесары хан көшелері жөндеу жұмыстарына мұқтаж. Оған қоса, Сабалақ саяжайының тұрғындарынан көптеген шағымдар түсті.
"Бірнеше күннен кейін балалардың оқуы басталады, ал жол әлі де нашар жағдайда. Біздің шенеуніктер әлі де жағдайы жақсы көшелердің асфальтін жаңартып әлек. Неліктен біздікін жөндемейсіздер?" - деп жазды ауыл тұрғыны Гүлбахор Қорғанова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қала тұрғындарының шағымдарына облыс орталығында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бастаманың бірі - жолдарды жаңарту.
"Жасалған шаралар халықтың ыңғайлығы мен қауіпсіздігіне және көліктің оңтайлы қозғалысына оң әсерін тигізеді. Қазіргі уақытта қала аумағында асфальттың қираған қабаттарына кезең-кезеңімен жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл қажетті қаражат бөлініп, жалпы ұзындығы 184,9 шақырым болатын 264 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жөнделетін жолдардың 80 пайыздан астамы шет аймақтарға, кенттер мен ауылдарға тиесілі. Яғни, елді мекендерде жалпы ұзындығы 111,2 шақырым болатын 161 көше жаңартылып, қала шетінде жалпы ұзындығы 48,1 шақырым болатын 86 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деп жазды ТКШ бөлімінің қызметкерлері ресми жауапта.
Тасбөгет кентінің әкімдігінде биыл жаңадан пайда болған 14 көшеге қиыршық тас төселіп, қоғамдық көлік жүретін екі көшеге асфальт (С.Сейфуллин және А. Сапарбаев) төселгенін айтылды.
"Сондай-ақ, кенттің жеті көшесіне (Ж. Дүйсенов, С. Өтеуов, С. Сейфуллин, Г. Мұратбаев, Ж. Махамбетов, А. Молдағұлова, С. Майканова) қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары басталды", - деді кент әкімдігі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также