ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 13 шілде 2026 08:09
Бәрін қазып тастаған: Астана циркі маңында не болып жатыр?
Астанада цирк маңы абаттандырылып жатыр. Мұнда 12 жылдан астам уақыт бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Нақты не өзгертілетінін Тengrinews.kz ұсынған материалдан оқи аласыздар.
Егер сіз Астанада бұрыннан тұрсаңыз немесе мұнда жиі болсаңыз, елордалық цирктің бір кездері жергілікті тұрғындар, әсіресе балалар арасында танымал орын болғанын білетін шығарсыз.
Елордадағы цирк 2005 жылы ашылды. «Ұшатын тәрелке» пішініндегі бірегей ғимарат қаланың бойтұмарына айналды.
2008 жылы цирк ғимаратының жанында қоғамдық кеңістік абаттандырылып, субұрқақ, түрлі инсталляциялар мен мүсіндер орнатылып, астаналықтардың серуендеп, балаларымен уақыт өткізуі үшін ағаштар егілді.
Алайда кейінгі жылдары бұл аумақ ұмыт қалғандай күйде болды.
Осы маңнан өтіп бара жатқан Tengrinews.kz тілшісі цирк маңында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын байқады.
Аумақ қазылып, ескі төсеніштер алынып жатыр, ал оның жанында құрылыс материалдары тиелген тұғырлар тұр.
Нұра ауданы әкімдігінің мәліметінше, цирк маңындағы төсеніш тастар 2008 жылдан бері ауыстырылмаған. Көптеген учаскеде олардың расымен де тозығы жеткен.
Қазіргі уақытта жұмыстар 9 гектардан астам аумақта жүргізіліп жатыр және жаздың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Нысанның паспортына сүйенсек, мұнда төсеніш тастарды ауыстыру, жарықтандыруды жақсарту және әйгілі субұрқақты қалпына келтіру көзделген.
Бұдан бөлек, аудандық әкімдіктің хабарлауынша, аумақта жаяу жүргіншілер жолдары ауыстырылып, демалыс аймақтары мен тұрақ жабдықталады.
Сондай-ақ жаңа жарықшамдар орнату, ағаштар мен бұталар отырғызу, көгал төсеу және заманауи орындықтар, қоқыс жәшіктері мен басқа де абаттандыру элементтерін қою жоспарланған.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін бұл аумақ елорда тұрғындары мен қонақтарының серуендеуі мен демалуына барынша қолайлы болуы тиіс.
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу