Қазақстандық шенеуніктерді тыйым салынған заттарды тұтынуға тексеру тетігінің егжей-тегжейі белгілі болды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов кенеттен тексерулердің техникалық тұрғыда қалай өтетінін түсіндірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бақылаудың басты ерекшелігі – кесте болмайды. Мүксімовтің айтуынша, мемлекеттік қызметші тексеру туралы алдын ала білмейді, ал басшы шешім қабылдаған сәттен бастап қызметкердің сараптама тапсыруына небәрі 48 сағат уақыты болады.
"Мемлекеттік орган күнді бекітіп, адам, мысалы, 18 наурызда наркоскрининг өтетінін біліп, оған дайындалатындай жағдай болмайды. Ондай жоқ. Басты ерекшелігі - кенеттілік. Мемлекеттік орган басшысы шешім қабылдаған сәттен бастап, наркоскринингтен өтуге міндетті тұлға оны 48 сағат ішінде тапсыруы тиіс", - деді Салауат Мүксімов Сенатта.
Тексеруге кімдер ілігеді?
Талап биліктің барлық деңгейіне қатысты. Скрининг міндетті болатын "басшылық құрам" санатына қарамағында қызметкерлері бар бастықтар жатады. Бұған барлық деңгейдегі әкімдер мен министрлер кіреді.
Қатардағы қызметкерлер үшін тексеру "факультативті" түрде тағайындалуы мүмкін - егер жұмыс мемлекеттік құпияларға немесе басқа да маңызды ақпаратқа қол жеткізумен байланысты болса.
Мәселенің құны мен салдары
Мемлекеттік қызметшілер тест тапсыру ақысын өз қаражатынан төлейді. Шығын мен жұмсалған уақыт үшін өтемақы ретінде оларға жұмыстан босатылатын бір ақылы күн беріледі.
Медициналық куәландырудан бас тарту кінәні мойындаумен тең болады.
"Заңмен алғаш рет есірткі құралдарын және өзге де прекурсорларды, тыйым салынған заттарды тұтыну мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жатқызылды. Бұл жұмыстан шығаруға әкеп соғады. Егер тұлға наркоскринингтен өтуден бас тартса, біз оның қызметін тоқтатамыз", - деді Агенттік басшысының орынбасары.
Еске сала кетейік, бүгін Сенат мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерді мақұлдады, оған сәйкес міндетті наркоскрининг енгізіледі және шенеуніктер тыйым салынған заттарды тұтынғаны немесе мас күйінде көлік жүргізгені үшін жұмыстан шығарылады.